Теңіз вахталық қалашығы аумағындағы төрт блок-бекет наурыз айынан бері тұр
Бүгін Үкімет отырысында Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев Атырау облысында төрт блок-бекет барын айтқан еді.
«Облыстық бас санитар дәрігерлердің қаулысы бойынша Атырау облысында 4 блок-бекет, Ақтөбе облысында 2 санитарлық бекет қойылды», - деген болатын министр.
Ішкі істер министрінің бұл мәлімдемесіне қатысты Атырау облысы әкімінің баспасөз қызметі пікір білдіріп, аймақта қойылған 4 блок-бекет наурыз айынан бері жұмыс істеп тұрғанын айтты.
«Атырау облысының Жылыой ауданы Теңіз вахталық қалашығы аумағындағы төрт блок-бекет наурыз айынан бері тұр. Олар аталған ауданның бас санитарлық дәрігерінің қаулысына сәйкес қойылған болатын», - делінген хабарламада.
Әкімдіктің хабарлауынша, облыс аумағында одан басқа блок-бекеттер жоқ.