Бауыржан Байбек алматылықтармен кездесіп, қаланы дамыту бойынша ұсыныстарын тыңдады

Автор: Azattyq Rýhy

Алматыда 200-ден астам адам праймеризге кандидат болып тіркелген

«Nur Otan» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек Алматы қаласына барып, қала жұртшылығымен және үкіметтік ұйым өкілдерімен кездесті.

«Басқосуда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жолдауын іске асырудың негізгі бағыттарын талқыладық. Сондай-ақ праймериздің өзекті мәселелері мен «Nur Otan» партиясының сайлауалды бағдарламасы аясында қаланы алдағы 5 жылда дамыту бойынша ұсыныстарды қарастырдық.

Өздеріңіз білетіндей, партия лидері Н.Ә. Назарбаевтың тапсырмасымен партияішілік праймериз тұңғыш рет республикалық ауқымда өтіп жатыр», - деп жазды Б. Байбек.

Алматыда 200-ден астам адам кандидат ретінде тіркелген, оның 35%-ы – әйелдер, 30%-дан астамы – 35 жасқа дейінгі жастар. Әсіресе, шағын және орта бизнес, сондай-ақ үкіметтік емес ұйымдар өкілдері ерекше белсенділік танытты, олардың үлесі – 50%. Орташа есеппен алғанда, бір орынға 8 адам үміттеніп отыр.

«Қазір қалада 3 мыңдай әртүрлі кездесу мен пікірсайыстар өткізілді. Қалалық сайлауалды бағдарламаны жетілдіру бойынша 300-дей нақты ұсыныс жинақталды. Олардың 41%-ы әлеуметтік блокқа, 21,5%-ы – инфрақұрылымды дамыту мен экологияға, 12,5%-ы – экономика мен жұмыспен қамтуға қатысты болды.

Жалпы, Елбасының тапсырмасы бойынша әрбір өңір, қала және аудан бойынша сайлауалды бағдарламаларымыз тұрғындардың пікірін және Президенттің Қазақстан халқына жолдауында қойылған міндеттерді ескере отырып, пысықталады», - деп жазды ол.

Мәселен, Алматы сайлауалды бағдарламасының жобасында тұрғындардың өтініші негізінде қаланың экологиялық ахуалын жақсарту және көгалдандыру, қоғамдық орта мен әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту бойынша жекелеген шаралар көзделеді. Сондай-ақ алматылықтарды толғандырып отырған өзге де мәселелер көрініс табады. Қалалық сайлауалды бағдарламаның жобасымен Primaries.kz сайтында танысып, ұсыныс беруге болады.

«Алматыны ары қарай өркендету бойынша межеленген мақсаттар тығыз ынтымақтасу мен қалалықтардың қолдауының арқасында іске асатынына сенімдімін. Осы сәтті пайдаланып, барша алматылықтарды өткен қала күнімен құттықтаймын! Баршаңызға мол табыс, мықты денсаулық және алматылық ақжарқын көңіл-күй тілеймін!», - деп түйіндеді ол сөзін.