Ондаған техниканың көзі жойылған
Әзірбайжанның Қорғаныс министрлігі Таулы Қарабақта Армениямен болып жатқан қақтығыста Арменияның 550 азаматының қаза тапқанын, сондай-ақ жараланғандар санының көп екенін мәлімдеді. Бұл туралы Trend агенттігі хабарлады.
«Таулы Қарабақтағы Талыш елдімекені үшін болған қақтығыста Арменияның 550 жауынгері қаза тапты, жараланғандары бар. Барлау қызметінің мәліметінше, қарсы тараптың 22 танкі мен бронетехникасы, 15 «ОСА» ракеталық кешені, 18 ұшқышсыз ұшу аппараты, 8 артиллериялық қаруы жойылды. Армениялық армияның қару-жарақ сақтаған 3 қоймасы да жойылды», - делінген аталған хабарламада.
Сонымен қатар, Әзірбайжан билігі Арменияның десанттық батальонының командирі, подполковник Лерник Бабаянның қаза тапқанын мәлімдеді. Ол басқарған әскери бөлім айтарлықтай шығынға батқан.
Армения тарапы аталған мәліметтерді әлі растаған жоқ.