3116 адам партия қатарынан шығарылды
«Nur Otan» партиясының орталық аппараты Нұр-Сұлтан қаласында жаңа мүшелерді қабылдау кезінде болған олқылықтарды анықтады. Бұл туралы Партиялық бақылау комитетінің отырысы барысында белгілі болды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың партияішілік сайлауда ашық, анық және әділ дауыс беруді қамтамасыз ету қажеттігі туралы тапсырмасын орындау аясында «Nur Otan» орталық аппараты партияның жаңадан қабылданған мүшелері мен «Праймериз» ақпараттық жүйесінде тіркеуден өткендерге талдау жүргізеді.
Осылайша, кезекті тексеру барысында елордада «Азия Орталық Снаб» ЖШС бастауыш партия ұйымы қабылдаған 2466 жаңа партия мүшесінің есептік мәліметтері расталмады. Алматы аудандық филиалда 23-24 қыркүйек аралығында 1121 мүшенің телефон нөмірлері басқа адамдарға тиесілі екені анықталды. Сонымен қатар аталған ЖШС атынан партияға қыркүйекте тіркелген 3116 адамның көбі басқа жерлерде жұмыс істейтіні белгілі болды. Сонымен қатар олардың көпшілігі партияға мүшелікке өткенін білмегені анықталды.
«Аталған мәселе бойынша партияның Алматы аудандық филиалының төраға орынбасары М.Болысбекке сөгіс жарияланды. Ал қалалық филиалға қосымша тексеріс жүргізу тапсырылды. Сонымен қатар 3116 адамды партия қатарынан шығару туралы шешім қабылданды. Екі адам праймеризге кандидаттықтан алынып тасталды», - деп жазылған ақпаратта.
Партияның баспасөз қызметі барлық тәртіп бұзушылық деректері бойынша 8 (800) 080 4441 «жедел желіге» (қоңырау шалу тегін) немесе komek@nurotan.kz электрондық поштасына хабарласуға болатынын ескертеді.