ШҚО-да кезекші сыныптардың төрт оқушысы коронавирус жұқтырды

Автор: Azattyq Rýhy

Қазір облыс аумағында екі сынып пен бір мектеп 14 күндік карантинге жабылды

Фото: ашық дереккөзден

Шығыс Қазақстан облысында кезекші сыныптардың төрт оқушысы коронавируспен ауырып жатыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі. Бұл туралы Шығыс Қазақстан облысының Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті мәлімдеді.

«1 қыркүйектен бастап облыс аумағында төрт жағдай тіркелді. Олар Шемонаиха ауданының 4-сынып оқушылары, Көкпекті ауданының 11-сынып оқушысы және Алтай ауданының 2-сынып оқушысы. Науқастар шағын жинақты мектептерде оқиды»,- деп хабарлады ведомствоның баспасөз қызметі.

Қазір облыс аумағында 14 күндік карантинге екі сынып пен бір мектеп жабылды. COVID-19 вирусы анықталған барлық мектептерде эпидемияға қарсы, дезинфекциялық шаралар жүргізілді.

Естеріңізге сала кетейік, кеше 14 қыркүйекте Шығыс Қазақстан облысы Алтай ауданы Парыгино ауылында кезекші сынып оқушысы алғашқылардың бірі болып COVID-19 вирусын жұқтырды. Екінші сынып оқушысында вирус жұқтыру белгілері анықталды. ПТР талдауы оң нәтиже берді. Бүгін дәрігерлер баланың үйге шығарылып, емделетінін хабарлады.

«Коронавирустың алғашқы белгілері 11 қыркүйекте байқала бастаған. Дүйсенбі, 14 қыркүйекте баланың анасы дәрігерге жүгінді. Ол сол мектепте мұғалім болып жұмыс істейді. Олар жағдайға тез және дұрыс жауап берді: анасы мен баласы оқшауланды. Баладан ПТР-тест алынды, 17 қыркүйек күні ол оң нәтиже көрсетті. Вирус жұқтырған баланың туыстарынан тест алынып, сыныптастары да тексеріле бастады. Ешкімде оң нәтиже шықпады. Кейіннен мектеп карантинге жабылды»,- деді Шығыс Қазақстан облысы Білім басқармасының басшысы Сайрангүл Жұмаділова.