Облыста қалған 4 мекемеде 200-ге жуық бала тәрбиеленіп жатыр
Ақмола облысында соңғы бес жылда төрт балалар үйі жабылды. Облыста қалған тағы осындай 4 мекемеде ата-анасының қамқорлығынсыз қалған 200-ге жуық бала тәрбиеленіп жатыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhyтілшісі «Хабар 24» телеарнасына сілтеме жасап.
Балалар үйінен түлеп ұшып, үлкен өмірге қадам басқан жасөспірімдер үшін ең басты проблемалардың бірі – баспаналы болу. Өкінішке қарай, сандар көңіл көншітпейді. Соңғы бес жылдың ішінде небәрі 300 балаға пәтер берілген. Ал кезекте әлі осы санаттағы 4 мыңнан астам адам тұр.
«Мұның барлығы үйдің салынуына байланысты. Баспаналар пайдалануға көбірек берілсе, жетімдерге де көп үлестіріледі. Заң бойынша әр тапсырылған үйдің 20% ата-анасының қамқорлығынсыз қалғандарға берілуі тиіс», - деді облыстық Энергетика және ТҮКШ басқармасы басшысының орынбасары.
Айта кетейік, соңғы жылдары елімізде бала асырап алу көрсеткіші жақсарып келеді. Қазірдің өзінде Ақмола облысында 28 адам отбасыларының жаңа мүшелерін қабылдауға дайындалып жүр. Ойға алған істері жүзеге асып жатса, мемлекет те оларды қолдау мақсатында 200 мың теңгеге жуық бір реттік төлемақы, ата-аналардың әрқайсысына 50 мың теңгеден еңбекақы және әр балаға ай сайын 26 мың теңгеден жәрдемақы төлейді.