Ресейлік компания Шымкентте электр энергиясы станциясын салмақ

Автор: Azattyq Rýhy

Станция 10 мың үйді жарықпен қамтиды

Ресейлік компания Шымкентте электр энергиясын өндіретін станция салып жатыр. Нысанның құрылысына әкімдік пен «KAZAKH INVEST» ұлттық компаниясы қолдау көрсетуде, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.

50 гектар жерге салынып жатқан жобаның құны 6,2 млрд теңгені құрайды. Мамандардың айтуынша, станция 49 мыңнан астам күн модульдерінен тұрады. Станция өндірген электр энергиясы 10 мың үйді жарықпен қамтиды деп болжанып отыр.

«Жобада тиімділігі жоғары гетероқұрылымды екі жақты күн модульдері қолданылып жатыр. Өз кезегінде бұл электр энергиясын өндіруді 20%-ға арттыруға мүмкіндік береді. Жоспар бойынша күн электр станиясының құрылысы биыл қазан айында аяқталуы тиіс», - деді Шымкент қаласы әкімдігінің баспасөз хатшысы Арай Есенбек. 

Құрылыс орнына барған қала әкімі Мұрат Әйтенов станция жұмысына жергілікті кадрларды тартуды тапсырды. Құрылысқа  отандық өнімдерді барынша көп пайдалану да көзделген.

Айта кету керек, бұл станцияны салып жатқан «Хевел» компаниясы - Ресейдегі күн энергетикасы саласындағы ең ірі интеграцияланған компания.