Басқарма басшысы Камалжан Надыров себебін түсіндірді
Алматы қалалық Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Камалжан Надыров коронавируспен күреске бөлінген қаражаттың қайда жұмсалғаны тексеріліп жатқанын айтты. Ол бұл туралы бүгін онлайн брифинг барысында мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
Жақында Facebook желісінде қалалық Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы тексеріліп жатыр деген ақпарат тараған болатын. Онда полиция қызметкерлерінің басқарма офисіне келіп, компьютерлерді тәркілеп алып кеткені жазылған.
«Иә, шынымен COVID-19 індетіне қарсы күреске бөлінген қаражаттың жұмсалуына қатысты тексеру жүріп жатыр. Бұған қатысты түсініктеме бере алмаймын. Сауалдарыңызды құқық қорғау органдарына қойғандарыңыз абзал», - деді басқарма басшысы.
Камалжан Надыров басқарманың штаттық режимде жұмыс істеп тұрғанын айтты. Ол мұның қалыпты жұмыс процесі екенін айтты.
«Құқық қорғау органдары бюджет қаражатының қай мақсатта жұмсалғанын тексеруге құқылы. Сондықтан тексеруді бастады. Ал біз өз міндетімізді атқаруды жалғастыра береміз», - деді Надыров.
Ришат Асқарбекұлы, Алматы