Орталықта дәрігерлер науқастарға COVID-19 вирусын емдеу бойынша бейне-кеңес береді
Алматыда коронавирустың жаңа толқынына дайындық аясында телемедицина орталығы құрылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында өткен онлайн-брифингте Алматы қаласының Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Камалжан Надыров мегаполисті коронавирустың екінші толқынына дайындау аясында жасалып жатқан шаралар туралы айтты. Енді науқастар медициналық кеңесті телемедицина көмегімен ала алады.
Ол үшін Алматыда телемедицина орталығы құрылды. Надыровтың айтуынша, аталған орталықтың міндеті-COVID-19 вирусы ықтимал және расталған жағдайлары бар науқастарға кеңес беру және мониторинг жүргізу.
«Бұл дәрігердің бейне-кеңесін алу мүмкіндігі бар COVID-19 вирусын емдеу бойынша жалғыз қызмет. Ол үшін МАЖ-мен интеграцияланатын бағдарламалық жасақтама әзірленуде. Телемедицина орталығының дәрігері бейне-кеңес жүргізеді, науқастың жағдайын бағалайды, емдеуді тағайындап, науқастың электрондық картасына өзгерістер енгізіп отырады. Бұл сонымен қатар барлық COVID-19 жағдайларының бірыңғай электрондық базасы»,- деп түсіндірді К. Надыров.
Сондай-ақ, осы орталықтың маңызды функцияларының бірі – науқастардың карантиндік режимін сақтауын бақылау. Орталық қызметкерлері амбулаториялық деңгейде ем алып жатқан науқастарға бейне қоңырау шалуды тұрақты түрде жүргізеді және науқастардың осы санаты өз үйінен кетпеуін және үйде барлық қажетті ем қабылдағанын қадағалайды.
«Үй режимінің бұзылуы анықталған жағдайда, Тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитетінің аумақтық Департаментіне тиісті сигнал беріледі, одан әрі қалалық бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің қаулысына сай тәртіп бұзушыға айыппұл жазылады. Тәртіпті дөрекі бұзушыларға қаланың ковидті емханаларының біріне мәжбүрлі түрде жатқызу жөніндегі шаралар қолданылады. Бұл өте маңызды жайт, өйткені біздің міндетіміз - қалада инфекцияның таралу қаупін барынша төмендету болып табылады»,- деп сөзін қорытындылады басқарма басшысы.