Сенат сыбайлас жемқорлыққа қатысты заң жобасын Мәжіліске қайтарды

Автор: Azattyq Rýhy

Заң жобасымен 4 кодекске және 10 заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізіледі

Фото: ашық дереккөзден

Сенаторлар «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасына толықтырулар енгізіп, екінші оқылымнан соң Мәжіліске қайтарды. 

Сенат депутаты Андрей Лукин өз кезегінде, жұмыс тобы тиісті талдау жасап, мүдделі мемлекеттік органдармен кездесулер өткізіп, нәтижесінде заң жобасына жаңа түзетулер енгізілгенін айтты.

 «Қылмыстық кодекстің 412-1-бабына (Қылмыс жасауға арандату) өзгерістер енгізу ұсынылады. Оған сәйкес, кейін әшкерелеу және қылмыстық жауаптылыққа тарту немесе бопсалау мақсатында адамды қылмыс жасауға көндірген жедел-іздестіру қызметін немесе сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын лауазымды адамның заңсыз әрекеттері қылмыс жасауға арандату болып саналады», - деді Лукин.

Айта кететіні, төменгі палата мақұлдаған қалған баптар қабылданды. Сәйкесінше, бұдан былай өзіне сыбайлас жемқорлық шектеулерін қабылдайтын адамдардың отбасы мүшелеріне материалдық сыйақы, сыйлықтар немесе көрсетілетін қызметтер қабылдауға тыйым салынады.

Одан бөлек, дербес құрылымдық бөлімше басшыcы лауазымынан төмен емес лауазымды атқаратын лауазымды адамдарды, сондай-ақ, квазимемлекеттік секторда сатып алумен айналысатын адамдарды сыбайлас жемқорлық субъектілеріне жатқызу ұсынылды. Сонымен қатар, заң жобасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің жедел-тергеу бөлімшелерінің қызметкерлеріне тұрғын үй төлемдерін белгілеу көзделеді.

Сенат Спикері Мәулен Әшімбаев бұл заң жобасы өткен сессиядағы Палата отырысында бірінші оқылымда қаралып, жан-жақты талқыланғанын жеткізді.

«Сыбайлас жемқорлықпен күресті күшейту мемлекеттік басқару жүйесіндегі негізгі басымдықтардың бірі екені белгілі. Президентіміздің Жолдауында да нақты тапсырмалар берілді. Сондықтан қазіргі таңда тиісті заң жобасына жүйелі түрде сыбайлас жемқорлықтың алдын алу мәселелері бойынша қосымша шаралар енгізіліп жатыр», – деді Мәулен Әшімбаев.

Айжан Қалиева, Нұр-Сұлтан