Нұр-Сұлтанда тұрғын үй сертификатын алатын азаматтар саны артады

Автор: Azattyq Rýhy

Тұрғын үй сертфикатының мөлшері – 1 млн теңге

Фото: ашық дереккөзден

Елордада тұрғын үй сертификатын алатын азаматтар санаты кеңейтіледі. Бұл туралы қала әкімі әлеуметтік желідегі парақшасында жазды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.

«Бұрын тізімде толық емес, көпбалалы, мүгедек бала бағып отырған отбасылар болса, енді тізімге халықтың әлеуметтік аз қамтылған санаттарының бәрі қосылады. Оның ішінде жетім балалар да қамтылады. Азаматтарды қабылдау кезінде жиі көтерілетін мәселенің бірі – баспана. Пәтер алу жолдарын қарастыруды өтінген асыраушысы жоқ балалармен бірнеше рет кездестім. Санатты кеңейту құжатының жоспарын мәслихаттың алдағы сессиясына қарауға береміз. Құқықтық-нормативтік процедуралар аяқталған соң, сертфикат алушылар санатының жаңа тізімін бекітеміз. Тұрғын үй сертфикатының мөлшері – 1 млн теңге. Оларды «Шаңырақ» (5-10-20) жобасына қолдануға да болады», – деп жазды елорда әкімі.

Осылайша, ертеректе бекітілген тізімге енді: жетім балалар; I және II топ мүгедектері; зейнеткерлер; ҰОС ардагерлері және соларға теңестірілгендер; мемлекеттік, қоғамдық немесе әскери тапсырма орындау кезінде қаза болғандардың отбасылары қосылады.

«Сонымен бірге экологиялық апат кезінде, табиғи немесе техногендік ТЖ кезінде баспанасынан айырылғандар; бөтен елдердің аумағында ұрысқа қатысқандар; «Алтын алқа», «Күміс алқа» иегері немесе ертеде «Батыр ана» атағын алған көпбалалы аналар; I және II дәрежелі «Ана даңқы» орденімен марапатталғандар; көпбалалы отбасылар және т.б. кіреді. Мемлекет Басшысының тапсырмасымен биыл қолжетімді баспана құрылысын үш есеге ұлғайттық. Бұған қоса, Қазақстан ипотекалық компаниясымен бірлесіп, әлеуметтік пәтер алатындардың санатын да кеңейттік. Биыл 1 мың пәтерді дәрігерлер мен мұғалімдерден басқа - әлеуметтік қызметкерлер, полиция, мәдениет және спорт қайраткерлері де ала алады», – деп жазды Алтай Көлгінов.