Коронавирусқа қарсы отандық вакцинаны алған ғалымдардың жағдайы белгілі болды

Автор: Azattyq Rýhy

Оларда өсіп келе жатқан иммунитет қалыптасқан

Фото: ашық дереккөзден

Коронавирусқа қарсы QazCovid-in қазақстандық вакцинасын өзіне сынап жатқан ғалымдардың жағдайы белгілі болды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

42 күні оларда өсіп келе жатқан иммунитет қалыптасқан, қазір олар өзін жақсы сезінеді. Талдаулар нәтижесінде, арасы 21 күннен 0,5 см3/бас дозасын екі рет бұлшықетке иммундау кезінде вакцина организмде 5,0 (1:32) log2-ден 9 (1:512) log2-ге дейінгі титрлерде вирусты бейтараптандыратын (қорғаныш) антиденелердің пайда болуын ынталандырады. Бұл деректер тұрақты өсетін иммунитеттің қалыптасуын көрсетеді.

«Жақында шетелдік және қазақстандық желілік басылымдарда Нанкин университеті Медицина мектебінің қытайлық ғалымдары COVID-19 иммунитеті тез жоғалып кететінін анықтады деген ақпарат пайда болды. Олардың айтуынша, SARS-CoV-2 антиденелерінің саны адам қалпына келгеннен кейін төрт аптадан соң күрт төмендейді. Өз зерттеулеріміздің нәтижесіне және иммунология мен эпидемиологияның дәстүрлі заңдылықтарына сүйене отырып, қытай ғалымдары жариялаған ақпарат қате немесе дұрыс түсіндірілмеген деп санаймыз», - деді Биологиялық қауіпсіздік мәселелері ғылыми-зерттеу институтының директоры Күнсұлу Закарья.