Орта салмақта IBF және IBO тұжырымдары бойынша әлем чемпионы қазақстандық Геннадий Головкин (40-1-1, 35 КО) қазіргі боксшылар арасында The Ring журналының P4P рейтингінде ең ұзақ тұрақтаған спортшы атанды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі Sports.kz-ке сілтеме жасап
Үздік боксшылардың ондығына 249 апта бұрын кірген Головкин қазір жетінші орында. Үздіктер қатарында жүргендердің тағы бірі - WBO чемпионы америкалық Теренс Кроуфордтың (35-0, 26 КО) осы тізімге қосылғанына 238 апта болыпты. Бұл үштікті жеңіл салмақ санатында WBC, WBA (Super) және WBO чемпионы Василий Ломаченко (14-1, 10 КО) түйіндеп тұр.
P4P рейтингінде мексикалық Сауль «Канело» Альварес (53-1-2, 36 КО) көш бастап тұр. Оның орта салмақта WBC (Franchise) және WBA (Super), екінші орта салмақта WBA (Regular) және жартылай ауыр салмақта WBO чемпионы тізімінде тұрғанына енді ғана 61 апта болды, өйткені 2018 жылғы допинг дауынан кейін ол тізімнен шығып қалған болатын.