Қазақстанда бірнеше күн ішінде интернет-пайдаланушыларға қатысты 50-ге жуық алаяқтық анықталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі Ішкі істер министрлігіне сілтеме жасап
«Ақпараттандыру және байланыс саласындағы құқық бұзушылықтардың жолын кесу және ашу, сондай-ақ еркін айналымда тыйым салынған өнімдерді заңсыз даярлайтын, көбейтетін және тарататын адамдарды анықтау үшін «Anti-Fraud» жедел-профилактикалық іс-шарасы жүргізілді. Екі күндік операция барысында осындай 104 құқық бұзушылық, оның ішінде интернет-пайдаланушыларға қатысты 46 алаяқтық, 18 авторлық және сабақтас құқықтарды бұзу, ақпараттандыру және байланыс саласында 13 құқық бұзушылық, 12 ІТ-технологияларды пайдалана отырып жасалған ұрлық, 9 порнография тарату және арнайы техникалық құралдардарды таратудың 6 фактісі анықталды. Еркін айналымда тыйым салынған мыңнан аса өнім алынды, операцияға даярлық барысында бұрын жасалған 140 интернет-алаяқтық ашылды», - делінген министрлік хабарламасында.
Министрліктің хабарлауынша, соңғы жылдары Интернет арқылы жасалатын құқық бұзу фактілері өсуде. Адамдарды алдау үшін алаяқтар әлеуметтік желілерді, сауда интернет-алаңдарын пайдаланады, жалған интернет-дүкендер, «фейк» парақшалар және сайттар ашады. Осыған байланысты, ІІМ қауіпсіздік шараларын еске салады:
- құпия сөздерді үнемі ауыстырып отырыңыздар, олар күрделі болуы тиіс;
- төлем жүйелеріндегі барлық қауіпсіздік жүйелерін қосыңыздар: СМС растау, ІР-мекенжайларды қадағалау, 3D-secure және басқа;
- картаны қараусыз қалдырмаңыздар, өз деректеріңізді ешкімге бармеңіздер, өйткені пластик картадан ақшалай қаражат алу үшін картаның нөмірін және CVV-кодын (картаның артындағы соңғы үш сан) білген жеткілікті;
- картаны мобильді банк қызметіне қосыңыз.
Банктер және төлем жүйелері ешқашан хат жолдамайды және олардың қызметкерлері өз клиенттеріне олардың шоттарының деректерін жолдау туралы өтінішпен қоңырау шалмайтынын есте сақтау қажет.