Күзде 17 мыңнан астам азамат әскерге шақырылады

Автор: Azattyq Rýhy

Әскерге шақырудың күзгі науқаны 1 қыркүйектен бастап желтоқсан айының соңына дейін жүргізіледі

Фото: ашық дереккөзден

Биыл күзде 17 мыңнан астам қазақстандықты әскерге шақыру жоспарланып отыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy. Бұл туралы Қарулы күштер Бас штабы ұйымдастыру-жұмылдыру жұмыстары департаментінің бастығы, полковник Сәкен Жүсіпов мәлімдеді. 

«Азаматтарды әскерге шақырудың күзгі науқаны басталды. Жергілікті атқарушы органдар құрған медициналық және әскерге шақыру комиссиялары өз жұмыстарына кірісті. Қыркүйектен желтоқсанға дейінгі аралықта Қарулы күштер, басқа да әскерлер мен әскери құрылымдар қатарына 17 мыңнан астам 18-27 жас аралығындағы ер азаматты әскерге шақыру жоспарланып отыр. Әскерге шақыру және белгіленген мерзімде запасқа шығару кезінде қолданыстағы заң басшылыққа алынады», - деді Сәкен Жүсіпов ОКҚ-да өткен баспасөз мәслихатында.

Жүсіпов пандемияға байланысты әскерге шақыру және жиын пунктерінде, Қарулы күштердің әскери бөлімдерінде санитарлық-эпидемиологиялық шаралар күшейтілгенін атап өтті. 

Әскерге шақырудың күзгі науқаны бірінші қыркүйектен бастап желтоқсан айының соңына дейін жүргізіледі.