Жоба 10 миллиард теңгеге бағаланған
10 қыркүйектен бастап Атырауда «Сергек» видеобақылау жүйесі іске қосылады, деп хабарлайды «Ақ Жайық».
Атыраудағы «Сергекті» орнатуға облыстық мәслихат депутаттары 2019 жылдың сәуір айында бірауыздан дауыс берген. Жоба 10 миллиард теңгеге бағаланған. Оны іске асыру сол жылдың жазында басталды, жұмыстарды 2020 жылдың наурызында аяқтау жоспарланған болатын.
«Атырауда барлығы 2748 камера орнатылды: 204 кешенді жиынтық (1224 камера) камералары қиылыс пен желілік жол жиектерінде, 774 жалпы бақылау камерасы мен 750 интеграцияланған бұрылатын камералар қондырылды. Сауда үйлері және басқа да адам көп шоғырланатын орындардағы камералар «Сергек» жүйесімен біріктірілген», - деп жазады басылым.
«Сергек» арнайы алгоритм арқылы жол жүру ережесін және көшедегі басқа да тәртіпті бұзғандарды автоматты түрде тіркеп отырады. Бұл ретте жылдамдықты арттыру, бағдаршамның рұқсат етілмеген жарығына өтіп кету, тоқтау сызығын және жолақ сызығын басып кеткен қателіктер тіркеледі.