Бас прокуратура жазықсыздардың сотталып кетпеуін қамтамасыз ететін пилоттық жобаны іске қосты

Автор: Azattyq Rýhy

Қазір пилоттық жоба Павлодар облысы мен ШҚО-да сынақтан өткізіліп жатыр

Фото: ашық дереккөзден

Бас прокурор Ғизат Нұрдәулетов Павлодар облысына барып, сотқа дейінгі тергеп-тексеру сатысындағы негізгі шешімдерді келісу бойынша пилоттық жобаның іске асырылу барысымен танысты. Бұл жоба Президенттің жолдауында айтылған азаматтардың конституциялық құқықтарына әсер ететін шешімдерді 2021 жылдан бастап прокурорлармен келісу туралы тапсырманы орындау аясында енгізіліп отыр.

«Пилот барысында келісу электронды форматта жүргізіледі, бұл заңбұзушылықтардың дереу жолын кесуді қамтамасыз етеді және жазықсыз азаматтарды қылмыстық процесс шеңберіне тартуға жол бермейді. Қазір мұндай механизм Павлодар облысы мен ШҚО-да сынақтан өткізілуде. Ағымдағы жылдың 1 қазанынан бастап оған еліміздің барлық өңірлері қосылады», - делінген Бас прокуратураның баспасөз қызметі таратқан хабарламада.

Осыған байланысты аумақтық прокуратуралар басшыларына заңдылықты бұзудың жолын кесу және кінәлі адамдарды жауапкершілікке тарту жөнінде толық шаралар қабылдау туралы міндет қойылды.

Сонымен қатар, сапар аясында Бас прокурор облыс әкімі және өңірдің құқық қорғау органдарының басшылық құрамының қатысуымен қылмысқа қарсы күрес және құқықбұзушылықтың алдын алу мәселелері бойынша кеңес өткізді.