Табиғатқа залал келтіргендерге салынатын айыппұл мөлшері екі есе өседі - Мырзағалиев

Автор: Azattyq Rýhy

Ол 500 АЕК-ке дейін көтеріледі

Фото: ашық дереккөзден

Қазақстанда табиғатты қорғау саласындағы заңбұзушылықтар үшін әкімшілік жауапкершілік қатаңдатылады. Бұл туралы Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев мәлімдеді.

«Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, сонымен бірге елде табиғатқа қарсы қастандық әрекеттерінің жиі орын алуына байланысты Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің қоршаған ортаны ластауға қатысты тұстарына өзгерістер дайындалды», - деді ол Мемлекет басшысының Жолдауын жүзеге асыруға қатысты өткен брифингте.

Министрдің сөзінше, енді көпшілік тұтынатын қоғамдық орындарды былғау әрекеттеріне, қалалар мен елдімекендердегі жасыл желекке зиян келтіруге, су ресурстарын қорғау ережесін, ормандағы өрт қауіпсіздігі талаптары мен санитарлық ережелерді бұзуға, орман фаунасын жоюға немесе зиян келтіруге және орманға қоқыс, химиялық заттар тастауға, басқа да орман қорына келтірілген залалға қатысты айыппұлдар құны артпақ. Айыппұл жеке тұлғалар үшін 10 АЕК-тен 20 АЕК-ке, орта және ірі бизнес өкілдеріне 30 бен 70 АЕК-тен 75 және 500 АЕК-ке көтеріледі.

Ведомство басшысы брифингте жануарларды қорғауға қатысты жаңа заң жобасының жүзеге асу барысы туралы да айтып өтті.

«Заң жобасы Үкіметке енгізіліп қойды. Осы жерде тиісті келісім өткеннен кейін жақын уақытта Парламентке жіберіледі», - деді ол бұл жайлы.

Заң жобасына дельфинарийлерді жабу туралы норма да енгізілген.

«Дельфинарийлерді жабу туралы норма құжатта міндетті түрде болады. Заң жобасының драфтіне тиісті норманы бекіттік. Өздеріңіз білетіндей, соңғы кездері қоғамдық белсенділер мен халықаралық қоғам қайраткерлерінен дельфинарийлерге тыйым салу туралы үндеулер көп түсіп жатыр. Сондықтан осындай норма жасап отырмыз. Ол тек дельфинарийлерге қатысты емес. Жабайы жануарларға қатысты басқа да шектеулер бар», - деді М. Мырзағалиев.