Денсаулық сақтау басқармасы: Атырауда балалар жаппай ауырып жатыр деген ақпарат - жалған

Автор: Azattyq Rýhy

Әлеуметтік желіде Атырауда балалар арасында жедел ішек ауруы, диарея көбейді деген ақпарат тарап кеткен еді

Фото: sputniknews.kz

Әлеуметтік желілерде тараған Атырауда балалар арасында жедел ішек ауруы, диарея көбейді делінген ақпарат шындыққа жанаспайды, деп хабарлайды Атырау облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі.

Қазіргі уақытта елдегі пандемия жағдайына байланысты №2 Атырау облыстық ауруханасы COVID-19 жұқтырған науқастарды ғана емдейді.  Аталған ауруханадағы «Жұқпалы аурумен ауыратын балалар» бөлімшесі уақытша Атырау облыстық балалар ауруханасына эпидемиологиялық стационар ретінде ауыстырылды. Сол себепті инфекциялық жұқпамен ауырып келген балаларды Атырау облыстық балалар ауруханасы қабылдауда.

Атырау облыстық балалар ауруханасының бас дәрігері Нұрқабыл Айтмұханбетовтың айтуынша, биылғы жылдың 1 тамызынан 4 қыркүйекке дейінгі аралықта облыстық балалар ауруханасынан 62 науқас емделіп шыққан. 

«Өткен жылда дәл осы кезеңде жұқпалы аурумен 208  науқас қабылданған. Биылғы жылы 146 науқасқа төмен. Әлеуметтік желіде балалар арасында диарея тарады деген ақпарат жалған», - деді облыстық балалар ауруханасының бас дәрігері Нұрқабыл Айтмұханбетов.