Елорда әкімі Президенттің Жолдауы бойынша әкімдік жұмысының бағыттарын атап өтті

Автор: Azattyq Rýhy

Әкімнің айтуынша, елордада биыл былтырғыдан екі есе көп мектеп салынады

Фото: astana.gov.kz

Елорда әкімі Алтай Көлгінов Мемлекет басшысының Жолдауын жүзеге асыру бойынша актив жиынын өткізді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі қала әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.

«Биыл мемлекеттік аппарат штаты 10%-ға, келесі жылы 15%-ға қысқарады. Қысқарту цифрландыру мен мемлекеттік функцияларды оңтайландыруды ескере отырып жүзеге асырылады. «Қолжетімді полиция» қағидатын жүзеге асыру үшін учаскелік полиция қызметкерлерінің саны 224-ке көбейеді, 40-тан астам учаскелік пункттер ашамыз. Жергілікті бюджетті оңтайландыру 36 миллиард теңгеден астам қаржыны құрады. Үнемделген қаражат маңызды салаларға бағытталды: экономиканың нақты секторын қолдау және инфрақұрылымды дамыту – 26 миллиард теңге, әлеуметтік салаға – 10 миллиард теңгеден астам. Жыл соңына дейін біз бірқатар басқа кәсіпорындарды оңтайландыруды және нысандарды сенімгерлік басқаруға беруді жүзеге асырамыз»,- деп атап өтті Алтай Көлгінов. 

Айта кетсек, елордада биыл былтырғыдан екі есе көп мектеп -12 білім беру мекемесі салынады. Қазірдің өзінде олардың алтауы ашылған. Бұл жұмыс алдағы жылдарда да жалғасын табады – 2021 жылы 20 мың оқушыға арналған тағы 12 мектеп салынып, пайдалануға берілмек.