1 қыркүйекте Абай бейнеленген монеталар сатылымға шығады

Монеталарды Қазақстан Ұлттық банкінің барлық аумақтық филиалдарынан сатып алуға болады 

1 қыркүйекте Абай бейнеленген монеталар сатылымға шығады

2020 жылдың қыркүйегінен бастап «ABAI. 175 JYL» коллекциялық монеталары сатылымға түседі, деп хабарлады Ұлттық банк. Коллекцияда номиналы 500 теңгелік күмістен, 100 теңгелік мельхиор қоспасынан және 100 теңгелік нейзильбер қоспасынан жасалған ақшалар бар.

«Монеталарды Қазақстан Ұлттық банкінің барлық аумақтық филиалдарынан сатып алуға болады. Күмістен және мельхиор қоспасынан жасалған монеталарды Ұлттық банктің интернет-дүкені арқылы алуға мүмкіндік бар», - делінген хабарламада.

Естеріңізге салсақ, Қазақстан Ұлттық банкі аталған монеталарды ақын және ағартушы Абай Құнанбаевтың туғанына 175 жыл толуына орайластырып, 2020 жылдың 10 тамызында айналымға шығарған. Алайда, карантин режимінің ұзартылуына байланысты монеталарды сату кейінге қалдырылып еді.

«ABAI. 175 JYL» монеталарының сипаттамасы мынадай:

Монеталардың бет жағының (аверсінде) орталық бөлігінде Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Елтаңбасы бейнеленген. Елтаңбаның сол және оң жағында «QAZAQSTAN RESPÝBLIKASY ∙ REPUBLIC OF KAZAKHSTAN» деген жазбалар орналасқан. Айналдыра ұлттық ою-өрнек элементтері бар. Төменгі бөлігінде «TEŃGE» жазбасы және күміс монетада монетаның номиналын білдіретін «500» саны және мельхиор мен нейзильбер монеталарында «100» саны бейнеленген.

Монеталардың сырт жағында (реверсінде) Абай Құнанбаевтың мүсіндік портрет бейнесі, күміс және мельхиор монеталарда интерференциялық түрлі-түсті бейнелеу технологиясын қолдана отырып орындалған сия құтысының және қаламұштың стильдендірілген бейнесі орналасқан.

Портреттің оң жағында – қазақтың киіз үйі (басқұр) декоры түріндегі ою-өрнек таспасы, оның астында Абай Құнанбаевтың туған жылын, 175 жылдығын мерекелейтін күнді және соғылған жылын білдіретін «1845-2020» деген жазба орналастырылған. Оң жағында - металдың массасын білдіретін «31,1 g» деген жазба бар. Монетаның жоғарғы бөлігінде «175» және «JYL» деген жазба, сол жақ бөлігінде ұлттық ою-өрнек элементі, күміс монетада монета дайындалған металды және оның сынамасын білдіретін «Ag 925» деген жазба, төменгі бөлігінде латын графикасында «ABAI» деген жазба бейнеленген.

Абай Сейфулла, Нұр-Сұлтан

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.