Сапарбек Тұяқбаевқа қатысты құжаттар прокуратураға да жолданған
Жалған ақпарат таратты деп айыпталған Алматы қаласы әкімінің орынбасары Сапарбек Тұяқбаевтың ісін сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет тексеретін болды. Әкімнің орынбасарына қатысты құжаттар прокуратураға да жолданған. Шенеуніктің үстінен полицияға арызды қоғам белсендісі Светлана Дружинина түсірген еді. Даудың шығуына әкім орынбасарының пандемия кезінде қала халқына қажетті дәрі-дәрмек жеткілікті деп жалған ақпарат беруі себеп болған. Тергеу шараларына қатысты ақпаратты Алматы қаласы ДП бастығы Қанат Таймерденов айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
«Азаматша Дружининаның арызы құзыретіне орай, заңға сәйкес құжат сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттікке жіберілді. Яғни, тергеу сол жақта жүргізіледі. Өйткені, лауазымды тұлғаларға қатысты тексеру жұмыстарын тек осы агенттік қана жүзеге асыруға құқылы», - деді Қ. Таймерденов.
Коронавирус өршіп тұрған сәтте республика көлемінде дәрі-дәрмектің тапшылығы болды. Ал 13 шілде күні өткен онлайн брифингте Алматы қаласы әкімінің орынбасары Сапарбек Тұяқбаев қоймаларда медициналық препараттардың қажетті қоры мол екенін, қажетті дәрі-дәрмектердің қысқа уақыттың ішінде жеткізіліп тұратынын айтқан.
«Өкінішке қарай, әлеуметтік желілерде осы тақырыптан «хайп» жасайтындар бар. Біз дәрі-дәрмекті жеткізу көлемін шектеп жатқан жоқпыз. Барлығына жіберіп тұрамыз», - деген еді сол кезде Сапарбек Тұяқбаев.
Шенеуніктің осы мәлімдемесінен кейін азаматша Светлана Дружинина дәріханаларды аралап, коронавирусты емдеу хаттамасына кіретін дәрілердің жоқ екенін анықтайды. Қажетті препараттар Алматы дәріханаларында табылмайды. 23 шілде күні Дружинина полицияға арыз жазып, Сапарбек Тұяқовты жалған ақпарат таратқаны үшін жауапқа тартуды талап еткен. Алайда, кейін Дружинина әлеуметтік желіде тағы да пост жариялап, құқық қорғау органдары оның арызын сотқа дейінгі тергеу шараларының бірыңғай реестріне енгізбей қойғанын айтты. Ашулы азаматша арызды уақытында тіркеуге алмағаны үшін тергеу басқармасының лауазымды тұлғаларын жауапқа тартуды талап етті. Тіптен, прокуратура қызметкерлерінің жұмысына баға беруді де сұраған.
Шулы мәлімдемеге адвокаттар араласқан соң Светлана Дружининаның арызы қабылданды. Енді Алматы әкімінің орынбасары Сапарбек Тұяқбаевтың ісіне сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет баға береді.