«KazAID»: Қазақстан кедей елдерге көмектесу агенттігінің жұмысын бастау үшін Үкіметтен 138 млн теңге сұрайды

Автор: Azattyq Rýhy

Рәпіл Жошыбаев алдағы уақытта ірі жобаларға тағы ақша керек болса, Үкіметтен сұрауға тура келетінін жеткізді

Бүгін ҚР Сыртқы істер министрлігінде арнайы брифинг ұйымдастырылып, жақында құрылатын «KazAID халықаралық даму агенттігі» деп аталатын кедей елдерге көмектесу ұйымының жұмысы туралы түсіндіріліп, жұртшылық сынына жауап берілді.

Сыртқы істер вице-министрі Ержан Ашықбаев мұндай көмек жөніндегі ресми ұйымдар тек ірі мемлекеттерде емес, Еуропаның Словакия секілді шағын елдерінде де белсенді жұмыс істейтінін алға тартты. Бұл имидж үшін ғана емес, басқа елдер халқының Қазақстанды жылы қабылдауы үшін жасалатынын айтты.

«Бұл көмек өзге елдер жұртына көрсетілгенде оны алған адам оның атаулы көмек екенін, әкімдіктің немесе Үкіметтің емес, Қазақстан халқының беріп жатқан жәрдемі екенін түсінгені маңызды. Бұл да агенттіктің құрылуының бір себебі. Біз көмекті нақты адамдарға жеткізуіміз керек», - деді ол.

KazAID агенттігі коммерциялық емес акционерлік қоғам ретінде ашылады. Оның алғашқы жарғылық капиталы ретінде мемлекеттік бюджеттен алғашқы 1 жылға 138 млн теңге алынады. СІМ Ерекше тапсырмалар жөніндегі елшісі Рәпіл Жошыбаев алдағы уақытта да ірі жобаларға тағы ақша керек болса, Үкіметтен сұрауға тура келетінін жеткізді.

«Бұл коммерциялық агенттік емес, пайда табу мақсатын көздемейді. Заң бойынша акционерлік қоғам құруға 138 млн теңге керек. Өзімізде де жарғылық капиталға қосатын жылжымайтын мүліктер бар. Агенттікте әзірге 15 қызметкер жұмыс істемек. Көбі Сыртқы істер министрлігінің қызметкерлері, тілдік дайындығы, халықаралық бизнесте тәжірибесі бар мамандар. Кейін 25 адамға көбейтеміз. Бастама ретінде жаңағы қаржыны пайдаланып біздің диаспора тұратын Орталық Азия елдерінде әріптестерімізбен бірлесе әлеуметтік бағыттағы бірнеше жобаны жүзеге асырамыз. Ол – біздің тіліміздің өрісін кеңейту, тарату бағытындағы және медицина саласында студенттерді дайындау жұмыстары.Ары қарай тағы үлкен жобаларға қаржы керек болса Парламентке, Үкіметке ұсыныс жасап талқылаймыз. Мысалы, көрші бір мемлекетке мектеп, аурухана сияқты нысандар салу қажет болса, әрине, оны ақылдасып шешеміз», - деді елші. 

Агенттіктің жұмысшылары мемлекеттік қызметкерлердің деңгейінде айлық алады. Е. Ашықбаев олар тек мемлекеттің жалақысына қарап қалмай, өздері көрсеткен қызметтер құнының 7%-ынан ақша табатынын айтты. Сөйтіп, келесі жылдарға Үкіметтен сұрайтын қаржысы алдағы жылдары біршама азаяды.

«Біз жүзеге асырған жобалардан 7% комиссия аламыз. Шетелдермен үш жақты келісіммен әріптестік  орнатамыз. Мысалы, олар Орта Азиядағы бір елге көмектесуге ресурс (ақша) салғысы келеді. Біз ол қаржының тікелей  бенефициары (алушысы) болмаймыз. Жобаның жүзеге асуына көрсеткен қызметіміз үшін сол жоба құнының 7%-ын аламыз. Сол қаржыға «өмір сүріп», дамимыз», - деді бұл жайында Ержан Ашықбаев.

Сыртқы істер вице-министрі Ержан Ашықбаев агенттік жұмысындағы орын алуы мүмкін жемқорлық тәуекелдері туралы да айтып өтті.

«Әрине, жемқорлық мәселесі де есепке алынды. Біз әріптес ретінде Халықаралық даму агенттігі ұсынған мамандарды тартып отырмыз. Жемқорлықтың болмауына жобаларымыздың халықаралық деңгейде жүзеге асырылатыны кепіл болады. Біз бастапқы кезеңде оларды екіжақты келісімдер аясында істейміз. Өзіміздің төл жобаларымызды жасамаймыз. Мысалы, Түркиядағы әріптестеріміз қазақстандық агенттіктің аяққа тұруына көмектесіп, даму жобалары бойынша бірге жұмыс істеуге ұсыныс білдіріп отыр», - деді Е.Ашықбаев.

СІМ өкілдері қазақстандықтардың неге мұндай ұйымның коронавирус пандемиясы тудырған дағдарыс кезінде ашылғалы жатқаны туралы сөзге де жауап берді.

«Бұл агенттікті ашуға дайындық 2015 жылдан бері жүргізіліп келеді. Халықаралық тәжірибесі, қаржыландырылу жолы, кадрлық құрамы зерттелді», - деді елші Рәпіл Жошыбаев.

Абай Сейфулла, Нұр-Сұлтан