Мамандар зерттеудің барлық кезеңі әлі аяқталмағанын айтты
Дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды сараптау ұлттық орталығының (ДЗСҰО) Алматы қаласындағы аймақтық филиалының фармакологиялық сынақ зертханасы базасында COVID-19 вирусына қарсы қазақстандық белсенді емес вакцинаны (QazCovid-in®️) клиникаға дейінгі зерттеу аяқталды. Бұл туралы аталған орталықтың баспасөз қызметі хабарлап отыр.
Жануарларға вакцинаның күшейтілген дозасын салып, оның қауіпсіздігі мен уытты әсері мұқият тексерілген. Сонымен қатар, осы зерттеу аясында отандық вакцинаның ағзаға аллергиялық реакциясы мен денені тітіркендіргіш әсерінің жоқ екені анықталған.
Жалпы, зерттеу әдістерінен басқа, вакцинаның қауіпсіздік деңгейі қанның гематологиялық және биохимиялық көрсеткіштерімен расталды. Вакцинаның жануарлардың ішкі мүшелеріне әсері де бағаланған.
Жіті зерттеу нәтижелері клиникаға дейінгі зерттеу COVID-19 вирусына қарсы отандық вакцинаның уытты емес екенін анықтады және оны кейін клиникалық сынақ барысында ерікті адамдарға қолдануға болатынын көрсетті.
«Жаңа вакцинаның тиімділігі мен қауіпсіздігін толық бағалап, қазақстандықтарды вакцинациялау үшін одан да кең ауқымды клиникалық зерттеулер қажет. Зерттеудің барлық кезеңі өткізілгеннен кейін ғана вакцинаның қауіпсіздігі туралы айтуға болады», - деді Алматы фармакологиялық сынақ зертханасының меңгерушісі Валентина Шнаукшта.
Айта кетейік, барлық эксперимент Дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды сараптау ұлттық орталығының жануарханасындағы эксперименттік жануарларға жасалды. Фармакологиялық зерттеулер зертханасы – GLP OECD сәйкес, Словакия ұлттық аккредиттеу қызметінің (SNAS) халықаралық аккредиттеу мәртебесіне ие және Қазақстандағы биоэквивалентті зерттеу жүргізетін жалғыз зертхана.
Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы қазақстандық ғалымдардың жұмысын өзінің ресми сайтында тіркеп, оны клиникаға дейінгі зерттеуге рұқсат етілген COVID-19 қарсы вакцинаға кандидаттардың тізіміне қосқан болатын. Отандық белсенді емес вакцинаны ҚР БҒМ Ғылым комитетінің Биологиялық қауіпсіздік проблемалары ғылыми-зерттеу институтының қызметкерлері әзірледі. Ведомствоның мәліметінше, ол Қазақстандағы науқастардан бөлінген вирус штаммы негізінде жасалған.