ШұғылCOVID-19 жұқтырған 16 науқас аса ауыр халде жатыр

Демалыс күндері СҚО-да шектеу шаралары күшейтіледі

Таксиге бір отбасы мүшелері болмаса, екі адамнан артық отыруға болмайды

Фото ашық дереккөзден

Алдағы демалыс күндері Солтүстік Қазақстанда карантиндік шаралар тағы да күшейтілмек. Облыс көлемінде жүріп-тұру уақытша шектеледі, кейбір нысандарда залалсыздандыру жұмыстары жүргізіледі, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.

Дегенмен, өткен кезеңмен салыстырғанда алдағы демалыс күндері енгізілетін шектеу шаралары біршама жеңілдетілді. Бұған дейін бір ай көлемінде карантин талабы жұма, сенбі, жексенбіде күшейтілсе, осы жолы демалыс күндерін ғана қамтымақ. Сонымен қатар, ауыл шаруашылығы тауарларын сататын дүкендер мен жеткізіп беру қызметін ұсынатын сауда орындарына да жұмыс істеуге рұқсат етіліп отыр.

Отбасылық шараларға салынған тыйым сақталады. Тұрғындарға демалыс күндері туған-туыс пен таныстарына қонаққа баруға рұқсат етілмейді. Облыс көлемінде жүріп-тұруға да шектеу қойылған. Тек жұмысқа баруға рұқсат.

Азық-түлік дүкендері мен дәріханалар жұмысы жалғаса береді. Тұрғындар үйлеріне жақын маңдағы сауда орындарына ғана бара алады. Сауда үйлері, базарлар, саябақтар жабылады. Қоғамдық көліктер жұмысын уақытша тоқтатпақ. Таксиге бір отбасы мүшелері болмаса, екі адамнан артық отыруға болмайды. Мамандар шұғыл қажеттілік болмаса, медициналық мекемелерге бармауға нұсқау берді.

Көпқабатты үйлердің подъездері, спорттық және балалар алаңқайларында залалсыздандыру жұмыстары жүргізіледі. Ал үй жануарларын аулаға шығаруға рұқсат. Аталған талаптарды бұзғандар жауапқа тартылмақ. Заңбұзушылықтарды анықтау мақсатында полицейлер көшедегі тәртіпті қадағалауды жалғастыра береді.

Солтүстік Қазақстан облысы бойынша коронавирусқа шалдыққандар саны 3641 адамға жетті, оның 33-і бүгін тіркелген. 2527 науқас емделіп шықса, 17 адам қайтыс болды. Қазір провизорлық стационарда 485, инфекциялық ауруханада 190 сырқат ем алып жатыр.

Эльмира Мәмбетқызы, СҚО