«Жолаушылар тасымалы» АҚ бас директоры болып неміс маманы Питер Штурм тағайындалды

Автор: Azattyq Rýhy

Бұған дейін басшы болған Михаэль Кортюм денсаулығы мен жеке жағдайына байланысты қызметінен кетті

«Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ директорлар кеңесінің шешімі және «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры басқармасының келісімі бойынша «Жолаушылар тасымалы» АҚ жаңа бас директоры болып DB Engineering&Consulting Азия-Тынық мұхиты аймағының дирекциясын басқарған неміс маманы Питер Штурм (Peter Sturm) тағайындалды.

«Питер Штурм 25 жыл бойы халықаралық компанияларда түрлі басқару қызметтерін атқарған. Бұған дейін ол инновациялар мен өзгерістерді енгізудегі жауапты бөлімшелерді басқарды, жылжымалы құрамды сатып алу және қызмет көрсету, ақпараттық технологияларды енгізу, теміржолдарды пайдалану және т. б. салаларда қызмет атқарды», - деп хабарлайды «Жолаушылар тасымалы» АҚ баспасөз қызметі.

Онлайн режимінде алғашқы аппараттық кеңесін өткізген жаңа басшы «Жолаушылар тасымалы» АҚ құрылымдық бөлімшелері мен ведомствоға қарасты ұйым басшыларының жолаушыларға сервистік қызмет көрсету сапасына, яғни жолаушылар вагондарын жуу мен жинау және төсек-орынның сапасына баса назар аударды. Жолаушылар пойыздарындағы төсек-орын жабдықтарымен және жұмсақ алмалы-салмалы мүкәммалмен жабдықтау сапасы, сондай-ақ клининг және санитарлық-гигиеналық құралдармен жарақтандыру бойынша енгізілетін жаңа стандарт мәселелері компания басшылығының тұрақты бақылауында болмақ.

Жаңа басшы «Солтүстік» өңірлік филиалында стандартты жолаушылар вагондарына арналған алғашқы екі дәретхана модулінің демонстрациялық жинағымен танысты. Дәретханалық модульдерді орнату жұмыстары ағымдағы жылдың қыркүйек айында басталады деп жоспарлануда.

Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін басшы болған Михаэль Кортюм денсаулығы мен жеке жағдайларына байланысты «Жолаушылар тасымалы» АҚ бас директоры қызметінен кетуге шешім қабылдады.