Ақмола облысында бір кеште үш ірі өрт сөндірілді

Автор: Дәулет Ботагөз

Облыста бір тәулікте газ жабдықтары мен жылыту пештеріне байланысты үш өрт оқиғасы тіркелді

Фото: © istockphoto.com

Ақмола облысының Төтенше жағдайлар департаменті өткен кеште өңір аумағында тіркелген үш бірдей төтенше оқиғаның зардабын жойды. Құтқарушылардың жедел әрекетінің арқасында барлық жағдайда адам шығыны мен жарақат алу дерегіне жол берілмеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Ақмола облысында бір тәулікте газ жабдықтары мен жылыту пештеріне байланысты үш өрт оқиғасы тіркелді.

Алғашқы екі оқиға облыстың Есіл және Зеренді аудандарында болған. Есіл ауданында контейнер ішінде газ-ауа қоспасы жарылып, арты өртке ұласқан. Оқиға орнына жеткен мамандар жалынды сөндіріп, қауіпті аймақтан алты газ баллонын сыртқа шығарды.

Ал Зеренді ауданындағы Азат ауылының маңында газ баллонды жабдық орнатылған жүк көлігінің кабинасы өртенді. ТЖД бөлімшелері жеткенге дейін өртті «Ауыл құтқарушылары» еріктілер жасағы мен элеватордың өртке қарсы қызметі бірлесіп сөндірген.

Үшінші оқиға облыс орталығы Көкшетау қаласында тіркелді. Мұнда монша кешенінің шатыры өртеніп, жалын 100 шаршы метр аумақты шарпыған.

Алдын ала мәлімет бойынша, өртке жылыту пешін орнату кезінде өрт қауіпсіздігі талаптарының бұзылуы себеп болуы мүмкін.