«ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы бір өңірде шектеу енгізіліп, батыстағы екі облыста тасжолдар ашылғанын мәлімдеді
Бүгін ауа райының құбылуына байланысты еліміздің республикалық маңызы бар автожолдарында қозғалыс тәртібі өзгерді. «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы бір өңірде шектеу енгізіліп, батыстағы екі облыста тасжолдар ашылғанын мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Ауа райының қолайсыздығына байланысты сағат 06:00-ден бастап өңірдегі екі республикалық маңызы бар автожолда жүк және қоғамдық көліктердің қозғалысына шектеу енгізілді.
Атап айтқанда, «Алматы – Талдықорған – Өскемен – Шемонаиха – РФ шекарасы» автожолының 1126–1212 шақырым аралығында, яғни Предгорное ауылы мен Ресей шекарасы арасында, сондай-ақ «Өскемен – Риддер – РФ шекарасы» автожолының 15–105 шақырым аралығында, Белоусовка кентінен Риддер қаласына дейін көлік қозғалысына тыйым салынды.
Алдын ала болжам бойынша, аталған учаскелер бүгін, 28 қараша күні сағат 10:00-де қайта ашылады.
Сонымен қатар бүгін сағат 09:00-ден бастап Ақтөбе және Атырау облыстарындағы екі автожол учаскесінде көліктің барлық түрі үшін қозғалыс қайта жанданды.
Ақтөбе облысында «РФ шекарасы – Ақтөбе – Қызылорда – Шымкент – Алматы – ҚХР шекарасы» автожолының 11–337 шақырым аралығы, яғни Ақтөбе қаласынан Атырау облысының шекарасына дейінгі учаске ашылды.
Ал Атырау облысында «РФ шекарасы – Ақтөбе – Қандыағаш – Доссор – Атырау» автожолының 337–346 шақырым аралығында, Ақтөбе облысының шекарасынан Сағыз кентіне дейін көлік қозғалысы қалпына келтірілді.