Елордада қар мен бұрқасын күтілсе, Алматыда тұман түсіп, Шымкентте аптаның соңында жаңбыр жауады
Алдағы демалыс күндері Қазақстанның үш ірі қаласында ауа райы әртүрлі болады. Астанада қар жауып, боран соғуы мүмкін. Алматыда тұман түсіп, аптаның соңында жаңбыр мен қар күтіледі. Ал Шымкентте демалыс күндері жауын-шашынсыз болғанымен, 30 қарашада жаңбыр жауады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy «Қазгидрометке» сілтеме жасап.
Астанада қар жауып, жел күшейеді
Елордада 28 қарашада құбылмалы бұлтты ауа райы болжанады. Кей уақытта қар жауып, көктайғақ болып, бұрқасын соғуы мүмкін. Оңтүстік-батыстан соғатын желдің жылдамдығы секундына 9–14 метрге жетіп, екпіні 15–20, кей уақытта 23 метрге дейін күшейеді. Ауа температурасы түнде де, күндіз де -5...-7 градус болады.
29 қарашада да елордада қар жауып, төмен бұрқасын болуы ықтимал. Солтүстік-батыстан соғатын желдің жылдамдығы секундына 9–14 метр, түнде екпіні 15–20 метрге жетеді. Түнде ауа температурасы -8...-10 градусқа дейін төмендеп, күндіз -5...-7 градус шамасында болады.
30 қарашада түнде қар жауып, жер бетінде ұйытқыған қар байқалады. Солтүстік-батыстан соғатын желдің жылдамдығы секундына 9–14 метр болады. Түнде ауа температурасы -11...-13 градусқа дейін төмендеп, күндіз -8...-10 градус шамасында сақталады.
Алматыда тұман түсіп, жаңбыр мен қар жауады
Алматыда 28 қарашада құбылмалы бұлтты ауа райы күтіледі. Түнде аздаған жауын-шашын, яғни жаңбыр мен қар жаууы мүмкін. Түнде және таңертең тұман түседі. Солтүстік-шығыстан соғатын желдің жылдамдығы секундына 3–8 метр болады. Түнде ауа температурасы +1...+3 градус, күндіз +6...+8 градус аралығында болады.
29 қарашада жауын-шашын күтілмейді. Дегенмен түнде және таңертең тұман түсуі мүмкін. Солтүстік-шығыстан соғатын желдің жылдамдығы секундына 3–8 метр болады. Ауа температурасы түнде 0...+2 градус, күндіз +6...+8 градус шамасында болады.
30 қарашада таңертең және күндіз жаңбыр мен қар түрінде жауын-шашын болжанады. Кей уақытта тұман түседі. Солтүстік-батыстан соғатын желдің жылдамдығы секундына 3–8 метр болады. Түнде ауа температурасы +1...+3 градус, күндіз +5...+7 градусқа дейін көтеріледі.
Шымкентте демалыс күндері жылы болады
Шымкентте 28 қарашада құбылмалы бұлтты ауа райы орнайды. Жауын-шашын күтілмейді. Түнде және таңертең тұман түседі. Оңтүстік-батыстан соғатын жел солтүстік-шығысқа ауысып, жылдамдығы секундына 2–7 метр болады. Түнде ауа температурасы +2...+4 градус, күндіз +7...+9 градус шамасында болады.
29 қарашада да жауын-шашынсыз ауа райы болжанады. Солтүстік-шығыстан соғатын желдің жылдамдығы секундына 3–8 метрге жетеді. Түнде ауа температурасы +2...+4 градус, күндіз +8...+10 градус болады.
30 қарашада таңертең және күндіз жаңбыр жауады. Солтүстік-шығыстан соғатын желдің жылдамдығы секундына 3–8 метр болады. Ауа температурасы түнде +3...+5 градус, күндіз +8...+10 градус аралығында сақталады.