Елордада жыл басынан бері 300-ге жуық адам АИТВ жұқтырған

Автор: Алмас Ерсін

Жаңа жағдайлардың 91,5 пайызы жыныстық жолмен жұғумен байланысты. АИТВ-ға тестілеуден жыл сайын 400 мыңға жуық адам өтеді

Фото: istockphoto.com

Астана қаласындағы АИТВ инфекциясының алдын алу орталығының директоры Денис Панченко АИТВ инфекциясының алдын алу шаралары туралы айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Денис Панченконың айтуынша, елордада жыл сайын шамамен 400 мың адам АИТВ-ға тест тапсырады.

«Жыл басынан бері Астанада АИТВ инфекциясын жұқтырудың 295 жаңа жағдайы анықталды. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 15 жағдайға аз. Қазақстандық дерматология және инфекциялық аурулар ғылыми орталығының бағалауы бойынша, 2026 жылы Астанада АИТВ-мен өмір сүретін адамдардың есептік саны шамамен 3 800 адамды құрайды», – деді ол.

Оның айтуынша, анықталған жағдайлардың басым бөлігі жыныстық жолмен жұғумен байланысты.

«Астана қаласының АИТВ инфекциясының алдын алу орталығының мәліметінше, жаңа жағдайлардың 91,5 пайызы жыныстық жолмен жұғуға байланысты. Сонымен қатар парентералды жолмен жұқтыру жағдайлары 1,5 есе азайған. Анықталған жағдайлардың 64,1 пайызы ерлерге, ал 35,9 пайызы әйелдерге тиесілі. Жұқтыру деректерінің ең көп үлесі 20-39 жас аралығындағы азаматтар арасында тіркелген. Бұл жас тобына барлық жағдайдың 46,8 пайызы тиесілі. Анықталған жағдайлардың 64,1 пайыздан астамы жұмыс істейтін тұрғындар арасында тіркелді», – деп атап өтті спикер.

Ол АИТВ инфекциясын анықтау үшін төртінші буындағы тест-жүйелер қолданылатынын еске салды. Олар АИТВ-ға қарсы антиденелерді ғана емес, p24 антигенін де анықтайды. Бұл инфекцияны ертерек кезеңде анықтауға және науқастарды дер кезінде емдеуге жіберуге мүмкіндік береді.

«Заманауи антиретровирустық терапия АИТВ-мен өмір сүретін адамдарға денсаулығын сақтауға, вирусты бақылауда ұстауға және толыққанды өмір сүруге мүмкіндік береді. Емдеу диагноз қойылғаннан кейін аурудың клиникалық сатысына қарамастан бірден тағайындалады және амбулаториялық деңгейде жүргізіледі. Қазақстанда антиретровирустық терапия тегін ұсынылады. АИТВ-ға жылына кемінде бір рет тест тапсыруға кеңес береміз. Инфекцияны ерте анықтау емді уақытылы бастауға, вирустың одан әрі таралу қаупін азайтуға және өмір сапасын сақтауға мүмкіндік береді», – деп ескертті Денис Панченко.