Елордада қолайсыз әрі қауіпті ауа райы күтіледі
Астана қаласының тұрғындары мен қонақтарына қолайсыз ауа райына байланысты болуы мүмкін төтенше жағдайлар туралы ескерту жасалды. Елорда құтқарушылары тұрғындарды қатты жел, көктайғақ және қар жауған кезде сақтық шараларын ұстануға шақырды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy қалалық әкімдікке сілтеме жасап.
Астана қаласының Төтенше жағдайлар департаменті өкілдерінің мәліметінше, температураның күрт өзгеруі, екпінді жел, қар жаууы және көктайғақ жаяу жүргіншілер мен көлік жүргізушілері үшін қауіпті жағдайлар туғызуы мүмкін. Осыған байланысты құтқарушылар қолайсыз ауа райы кезінде мүмкіндігінше үйде қалуға кеңес береді. Егер көшеге шығу қажет болса, ағаштардан, жарнамалық қалқандардан, электр беру желілерінен және басқа да орнықсыз құрылымдардан алыс жүру керек.
Әсіресе көлік жүргізушілерінен барынша сақ болу сұралады. Олар жылдамдықты төмендетіп, көліктер арасындағы қауіпсіз қашықтықты сақтап, жолдағы жағдайды мұқият бақылауы қажет.
Жаяу жүргіншілерге тротуарлар мен жаяу жүргіншілер өткелдерінде, әсіресе көктайғақ кезінде абай болуға кеңес беріледі. Сонымен қатар тұрғындарға өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтау және жылыту құрылғыларын қараусыз қалдырмау қажеттігі ескертілді.
«Төтенше жағдай туындаған кезде 112 нөміріне хабарласыңыз. Өзіңізді және жақындарыңызды сақтаңыз! Қарапайым қауіпсіздік ережелерін сақтау адамдардың өмірі мен денсаулығын қорғауға көмектеседі», – деп жазылған ТЖД хабарламасында.