Мұғалімдер жаппай шағымданып жатыр: BilimClass платформасынан ақау шықты

Автор: Махан Миражан

Кейбір тапсырмалар мен оқушылардың бағалары жоғалып кеткен

Фотоколлаж: Әбілқасым Есентаев/Azattyq Ruhy

Қазақстанда BilimClass платформасында ақау пайда болды. Мұғалімдер мен ата-аналар жүйенің жұмысына жаппай шағымданып жатыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Қолданушылар әлеуметтік желілерде платформадағы техникалық ақаулар туралы жазып, кейбір тапсырмалар мен оқушылардың бағалары жоғалып кеткенін айтқан.

Ал BilimClass компаниясы туындаған қолайсыздықтар үшін кешірім сұрап, қазіргі уақытта мәселені шешу жұмыстары жүргізіліп жатқанын мәлімдеді.

«Бүгін платформада техникалық инцидент орын алды. Соның салдарынан кейбір пайдаланушыларға қате хабарламалар келуі мүмкін. Қолайсыздықтар үшін кешірім сұраймыз. Қазіргі уақытта мамандарымыз ақауды жою жұмыстарын жүргізіп жатыр. Жағдай жіті бақылауымызда. Сонымен қатар платформа жұмысында уақытша іркілістер болуы мүмкін. Кейбір пайдаланушылар қосымшаға кіру кезінде қиындықтарға тап болып, бағаларды, сабақ кестесі мен үй тапсырмаларын көре алмауы ықтимал. Платформаның қалыпты жұмысын қалпына келтіру үшін барлық қажетті шараны қабылдап жатырмыз», – деп жазылған компанияның ресми сайтындағы хабарламада.

Компанияның әлеуметтік желідегі жазбасына пікір қалдырған қолданушылар аккаунттары мен құпиясөздері де жарамсыз болып қалғанын жазып жатыр. Кейбірі жүйеге мүлде кіре алмай отырғанын хабарлаған.