Құрылтайда өткен жұмыс тобының отырысында депутаттар цифрландыру саласындағы осындай олқылықтарды көтерді
Қазақстан цифрлық мемлекеттік қызметтер рейтингісінде 24-орыннан 16-орынға жоғарлап, әлемдегі үздік 20 елдің қатарына енді. Алайда ел ішінде мемлекеттік органдардың өзі бір мәселе бойынша әртүрлі мәлімет ұсынып отыр. Құрылтайда өткен жұмыс тобының отырысында депутаттар бұл олқылықты реттеп, бір цифрлық база жасауды ұсынып отыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Құрылтайда өткен жұмыс тобының отырысында депутаттар цифрландыру саласындағы осындай олқылықтарды көтеріп, деректерді біріктіру, ақпараттық қауіпсіздікті күшейту және цифрлық технологиялардың экономика мен халықтың әл-ауқатына нақты пайдасын талқылады.
Цифрландыру, инновациялар және ғылым комитетінің төрағасы Дархан Ахмедиевтің айтуынша, Қазақстан мемлекеттік қызмет көрсету бойынша халықаралық рейтингтерде жоғары көрсеткішке ие. Оның сөзінше, мемлекеттік электрондық қызметтер рейтингісінде еліміз 2024 жылғы 24-орыннан биыл 16-орынға көтерілген. Бұл рейтинг екі жылда бір рет жарияланады.
Комитет төрағасы мұны Қазақстанның цифрландыру саласындағы жетістігі деп бағалап, еліміздің тәжірибесіне шетелдік әріптестер де қызығушылық танытып отырғанын айтты.
«Бүгінде біз тәжірибемізді көрші мемлекеттермен ғана емес, Африка және Еуропа елдеріне де көрсетіп жатырмыз. Еуропарламентте Құрылтайда жасанды интеллектіні қалай қолданып жатқанымыз туралы баяндама жасадым. Еуропадан бірқатар әріптесіміз келіп, тәжірибемізбен бөлісуге ұсыныс білдірді», – деді Дархан Ахмедиев.
Оның сөзінше, цифрландыру жұмыстарының негізгі мақсаты – экономиканың нақты секторларын жаңа технологияларға көшіру. Бұл өндіріс пен қызмет көрсету салаларындағы шығындарды азайтып, жұмыс процестерін оңтайландыруға мүмкіндік береді. Комитет төрағасы негізгі жұмыстар келесі жылы жүзеге асса, оның экономикалық нәтижесі 2028 жылы байқалуы мүмкін екенін айтты.
Бұдан бөлек, жұмыс тобының отырысында депутаттар цифрландырудағы жетістіктермен қатар, шешімін күткен мәселелер де бар екенін айтып, бірқатар ұсыныстарын білдірді. Соның бірі – мемлекеттік органдар пайдаланатын деректердің бір-біріне сәйкес келмеуі.
Құрылтай депутаты, «Әділет» фракциясының мүшесі Тұрарбек Тілемісовтің айтуынша, инвесторлардан, Қаржы министрлігінен және Ұлттық экономика министрлігінен алынған мәліметтерде айырмашылық бар. Бұл мәселе мемлекеттік жоспарлау мен бюджет қалыптастыру кезінде қиындық тудыруы мүмкін.
«Біз инвесторлардан, Қаржы министрлігінен және Ұлттық экономика министрлігінен деректер аламыз. Алайда олардың ұсынған мәліметтеріндегі көрсеткіштер әртүрлі. Сондықтан барлық деректі біріктіріп, ведомстволар арасында ортақ мәліметтер базасын қалыптастыру қажет. Қазір осы деректер негізінде бюджет жасақталады. Мысалы, Ұлттық экономика министрлігі 983 ауыл туралы мәлімет берсе, Қаржы министрлігі 1280, ал Ұлттық статистика бюросы 1365 ауыл деп көрсетеді. Осы мәселенің өзінде бірыңғай түсінік пен ортақ көрсеткіш жоқ. Сондықтан Үкімет деңгейінде бірыңғай жүйе құрып, барлық мемлекеттік органның бірдей деректерге сүйенуін және өзара үйлесімді жұмыс істеуін қамтамасыз ету қажет», – деді депутат.
Оның пікірінше, мемлекеттік органдардың ортақ деректер базасын пайдалануы жоспарлау мен бюджет қаражатын бөлудің сапасын арттыруға көмектеседі. Өйткені әр мекеме әртүрлі статистикаға сүйенсе, қабылданатын шешімдердің де үйлесімді болуы қиын.
Депутат Екатерина Смышляева да цифрлық трансформацияның нәтижесін тек технологиялық жетістіктермен немесе енгізілген жүйелер санымен өлшеуге болмайтынын айтты. Оның пікірінше, экономиканың нақты секторларындағы цифрландыру ең алдымен әлеуметтік мәселелерді шешуге және халықтың әл-ауқатын жақсартуға ықпал етуі керек.
«Экономиканың нақты секторындағы кәсіпорындар цифрландыру кезінде ең төменгі әлеуметтік көрсеткіштерге басымдық беруі қажет. Әйтпесе, оның қоғамға және халықтың әл-ауқатына ешқандай әсері болмаса, мұндай цифрландырудың не қажеті бар?» – деді депутат.
Ал Құрылтай депутаты Марат Шибутов ақпараттық қауіпсіздік мәселесіне назар аударды. Оның айтуынша, әлемде түрлі цифрлық жүйелерде ақаулар болып жатқан кезде Қазақстанның да бұл бағыттағы қорғаныс тетіктерін назардан тыс қалдыруына болмайды.
«Қазір бүкіл әлемде түрлі жүйелерде ақаулар болып жатыр. Ал бізде ақпараттық қауіпсіздік мәселесі ақсап тұр. Сондықтан бұл мәселеге жауапты мамандарға да сөз беріп, пікірін тыңдаған жөн деп ойлаймын», – деді Марат Шибутов.
Жұмыс тобы алдағы уақытта цифрландыру бойынша таңбалау жүйесін біріздендіру бойынша мәселені қайта қарау керек екенін айта кетті.