Әзірге Қазақстан мектептерінде қашықтан оқытуға көшуге негіз жоқ. Сыныптағы оқушылардың кемінде 30 пайызы ЖРВИ жұқтырған жағдайда ғана осындай шешім қабылданады
Қазақстанда сынып оқушыларының 30 пайызы немесе одан көбі ЖРВИ-мен ауырған жағдайда ғана қашықтан оқыту форматына ауыстырылады. Әзірге бірде-бір сыныпта науқас оқушылардың үлесі 20 пайызға да жетпеген, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Бұл туралы еліміздің бас мемлекеттік санитариялық дәрігері Сархат Бейсенова мәлімдеді.
Мектептерде аурушаңдық қалай бақыланады?
Брифинг барысында Сархат Бейсенова әзірге оқушыларды қашықтан оқытуға көшіруге немесе оларды бір кабинеттен екіншісіне ауыстыру тәртібін тоқтатуға негіз жоқ екенін түсіндірді.
Мектептер мен балабақшаларда балалардың сабаққа қатысуы күн сайын бақыланып, таңертең олардың бойында ауру белгілерінің бар-жоғы тексеріледі.
«Сондықтан ата-аналарды ауру белгілері бар балаларын білім беру ұйымдарына жібермеуге шақырамын», – деді Сархат Бейсенова.
Қазақстанда қанша адам ЖРВИ-мен ауырды?
Қыркүйек айының басынан бері Қазақстанда ЖРВИ-дің шамамен 1,5 миллион жағдайы тіркелген. Соңғы аптада 133 мыңнан астам адам осы инфекцияны жұқтырған. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 2,7 есе аз.
Тұмауға қарсы вакцина алған қазақстандықтардың саны 2 миллионнан асты. Биылғы эпидемиологиялық маусымға 2,2 миллион доза вакцина сатып алынған. Вакцинация науқаны 1 желтоқсанға дейін жалғасады.
Ауруханалар қосымша орындарды қашан ашады?
Маусымдық аурушаңдықтың өсуіне байланысты барлық өңірде алдын ала жоспарлар әзірленген. Жұқпалы аурулар төсектерінің 85 пайызы толған жағдайда ауруханалар пациенттерге арналған қосымша орындар ашады.
Жыл басынан бері Қазақстанда COVID-19 инфекциясын жұқтырудың 381 жағдайы тіркелген. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 2,6 есе аз. Өлім-жітім жағдайлары тіркелмеген.
Еске салайық, бұған дейін Астанада ЖРВИ мен тұмау жұқтыру деректерінің өсуіне байланысты қосымша төсек-орындар көбейтілген болатын. Ал Алматыда балаларға арналған инфекциялық ауруханада қосымша орындар ашу туралы шешім қабылданған.