Жергілікті өкілді органдардың өкілеттігі кеңейіп, инфрақұрылымдық жобалар мен бюджет қаражатының жұмсалуын бақылаудағы рөлі артады
Қоғамдық саясат институты «Әділет» партиясының бас ғимаратында «TALQYLAU» диалог алаңының «Сайлау–2026: биліктің жаңа архитектурасындағы мәслихаттар» тақырыбында отырысын өткізді. Жиынға сарапшылар, «Әділет» фракциясының депутаттары, мәслихат өкілдері мен қоғамдық ұйым мүшелері қатысып, Қазақстанның саяси жүйесін жаңғырту жағдайында жергілікті өкілді органдардың рөлі мен міндеттерін талқылады. Басқосу мәслихат депутаттарының кезектен тыс сайлауы қарсаңында ұйымдастырылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Талқылаудың негізгі тақырыбы – мәслихаттардың рөлін өзгерту, яғни халық мүддесін білдіретін органнан өңірлерді басқаруға, бюджет қаражатының жұмсалуын бақылауға және азаматтардың нақты мәселелерін шешуге дербес қатысатын институтқа айналдыру.
Жиынды Қазақстан Республикасы Құрылтайының депутаты, «Әділет» фракциясының мүшесі Айдос Сарым жүргізді.
Спикерлер қатарында Құрылтай депутаты, «Әділет» фракциясының мүшесі Марат Шибұтов, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті басқарма мүшесі – сапаны қамтамасыз ету және ішкі бақылау жөніндегі проректоры Индира Рыстина, саясаттанушы, тәуелсіз шолушы Талғат Қалиев болды.
Отырысқа сондай-ақ Құрылтай депутаттары, Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының (ҚСЗИ), «Қазақстандық қоғамдық даму институты» КЕАҚ-тың, Қазақстан Республикасы Президенттік орталығының, Мемлекет тарихы институтының, Парламентаризм институтының, Қолданбалы этносаяси зерттеулер институтының сарапшылары, Қазақстан Халық Кеңесі хатшылығының өкілдері, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті мен М.С. Нәрікбаев атындағы КАЗГЮУ университетінің оқытушылары, саяси шолушылар және Астана қаласы мәслихаты депутаттығына кандидаттар қатысты.
Өкілді билікті жаңғыртудың қорытынды кезеңі
Жиынды ашқан «Әділет» фракциясының мүшесі, Құрылтай депутаты Айдос Сарым алдағы кезеңде мәслихаттар қандай міндеттер атқаруы керектігіне назар аударуды ұсынды. Оның айтуынша, мәслихаттардың функционалдық міндеттері айтарлықтай кеңейген.
«Мәслихаттар – өңірлік, жергілікті деңгейдегі орган. Болашақ депутаттар ең алдымен жергілікті күн тәртібін, нақты елді мекеннің, ауданның, облыс пен қаланың тыныс-тіршілігін ескеруі керек», – деді Айдос Сарым.
2026 жылғы 1 шілдеден бастап жаңа Конституция күшіне енді. Ауқымды реформалар аясында биыл жаңа Конституция бойынша референдум және Құрылтай депутаттарының сайлауы өтті. 23 тамыздағы дауыс беру қорытындысы бойынша бір палаталы парламент құрамына 145 депутат сайланды. Мәслихат сайлауы жергілікті деңгейдегі өкілді органдар жүйесін жаңғыртудың соңғы кезеңі болмақ.
Құрылтай депутаты Марат Шибұтов атап өткендей, бұл – жаңа Конституция аясында өтетін алғашқы мәслихат сайлауы.
2026 жылғы 12 қазанда Мемлекет басшысы барлық деңгейдегі мәслихаттардың өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтату туралы Жарлыққа қол қойды. Орталық сайлау комиссиясы кезектен тыс сайлауды 29 қарашаға белгіледі. Жалпы, 3 447 депутат сайлануы керек. Оның ішінде 20 облыстық мәслихатқа – 668, 38 қалалық мәслихатқа – 626, 170 аудандық мәслихатқа 2 153 депутат сайланады.
Өкілеттік пен ресурстар артады
«Әділет» фракциясының мүшесі, Құрылтай депутаты Марат Шибұтов жергілікті өкілді органдардың мүмкіндіктері айтарлықтай кеңейгеніне тоқталды.
Оның мәліметінше, жергілікті бюджеттердің кірісі 2019 жылғы 6 039 951 миллион теңгеден 2025 жылы 17 039 799 миллион теңгеге дейін өскен. Яғни 2,82 есе артқан. Ал шығыстар 5 950 203 миллион теңгеден 16 743 019 миллион теңгеге дейін көбейіп, 2,81 есеге ұлғайған.
2019 жылғы 1 қаңтармен салыстырғанда барлық мәслихатқа 13 жаңа құзырет берілген. Бұдан бөлек, жаңа өкілеттіктер елорда, облыстар мен республикалық маңызы бар қалалардың мәслихаттарына (4), елорда мен республикалық маңызы бар қалалардың мәслихаттарына (3), облыстық мәслихаттарға (1), аудандық және облыстық маңызы бар қалалардың мәслихаттарына (4) берілген.
Спикердің айтуынша, заңнамада мәслихаттардың құзыреттер саны 18-ден 31-ге дейін өскен.
«Құзыреттер саны артып келеді. Бұл әрбір депутат пен жалпы мәслихаттардың биліктегі мүмкіндіктерін едәуір кеңейтеді. Мәслихат депутаттары анағұрлым маңызды саяси субъектілерге айналып отыр», – деп атап өтті Марат Шибұтов.
Жергілікті өзін-өзі басқару – қоғамдық сенімнің негізі
Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің басқарма мүшесі – сапаны қамтамасыз ету және ішкі бақылау жөніндегі проректоры Индира Рыстина жергілікті өзін-өзі басқарудың демократиялық институттарды дамытудағы рөліне тоқталды.
Ол мысал ретінде 2024 жылы 30 елде жүргізілген халықаралық сауалнама нәтижелерін келтірді. Зерттеу қорытындысы бойынша жергілікті қауымдастықтарға деген сенім деңгейі 49 пайызды, ал ұлттық институттарға деген сенім 40 пайызды құраған.
Оның пікірінше, мәслихаттармен қатар қоғамдық кеңестер мен әкімдіктер жанындағы консультативтік органдар да жергілікті институттарды дамытуда маңызды рөл атқарады.
«Жергілікті өзін-өзі басқару институттарының дамуы елдегі кез келген саяси процестің дамуы үшін өте маңызды», – деді Индира Рыстина.
Инфрақұрылымдық жобалардың жүзеге асуын депутаттар бақылайды
Саясаттанушы Талғат Қалиев мәслихаттардың өңірлік көшбасшыларды қалыптастыратын алаң ретіндегі маңызын атап өтті. Оның айтуынша, мәслихат депутаттарының сайлаушылармен байланысы берік әрі олар өз аумағындағы мәселелерді жақсы біледі. Спикер келесі жылдан бастап Қазақстанның барлық өңірінде басталатын «Халықтық құрылыс» жобасына ерекше назар аударды. Оның аясында көптеген инфрақұрылымдық нысан салынады.
«Олардың сапасын кім бақылайды? Бұл қаражаттың мақсатты жұмсалуын кім қадағалайды?» – деп сұрақ қойды Талғат Қалиев.
Сондай-ақ ол саяси партияларды мәслихат депутаттарымен белсенді жұмыс істеуге, жас саясаткерлер мектептерін құруға және өңірлер арасында көлденең байланыстарды дамытуға шақырды.
Депутаттық сауалдан нақты нәтижеге дейін
Ашық пікірталас барысында қатысушылар мәслихаттарды жаңғырту, депутаттарды даярлау және олардың атқарушы билікпен өзара іс-қимылы мәселелерін талқылады.
Мәслихатта жұмыс тәжірибесі мол, «Әділет» фракциясының мүшесі, Құрылтай депутаты, Қаржы және бюджет комитетінің мүшесі Илья Теренченко мәслихаттардың жаңа құрамы 2027 жылы жұмысын бастайтынын атап өтті. Келер жыл үлкен «Халықтық құрылыс» жылы болып жарияланған. Оның пікірінше, мәслихаттарды жаңғырту жұмыстары тоқтамауы керек.
«Әділет» фракциясынан Құрылтай депутаты, Қаржы және бюджет комитетінің мүшесі Бөріхан Нұрмұхамедов өңірлік ерекшеліктерді ескере отырып, жергілікті билік жүйесінің құрылымын жан-жақты талдауды және саяси партияларға тиісті бағдар беруді ұсынды.
29 қарашада әр сайлаушының берген дауысы алдағы бес жыл бойы өңірдегі өмір сапасына тікелей әсер ететін шешімдер қабылдайтын органның құрамын айқындайды.
Айта кетейік, мәслихат депутаттарының кезектен тыс сайлауы 2026 жылғы 29 қарашада сағат 7:00-ден 20:00-ге дейін өтеді. Барлық деңгейдегі 228 мәслихаттың депутаттары сайланады. 11 мыңға жуық кандидат тіркелген, сайлауға барлық жеті саяси партия қатыса алады.
Елорда, облыстар мен республикалық маңызы бар қалалар мәслихаттарында депутаттардың жартысы партиялық тізім бойынша, қалған жартысы бірмандатты округтерден сайланады. Аудандық және облыстық маңызы бар қалалардың мәслихаттарында депутаттар тек бірмандатты округтер бойынша сайланады.
Өз сайлау учаскеңіздің мекенжайын GOV.KZ порталынан және eGov Mobile мобильді қосымшасынан білуге болады.
Біздің Instagram және TikTok желісіндегі парақшаларымызға жазылыңыздар.