Ұлы жүз, Орта жүз, Кіші жүз: Қазақстанда 800-ге жуық ұйымның атауы жүз бен ру атымен байланысты

Автор: Махан Миражан

Депутат бұған заң жолымен тыйым салуды ұсынды 

Фото: Құрылтайдың баспасөз қызметі

Қазақстанда кәсіпорындар мен қоғамдық ұйымдарға қазақ руларының және жүздердің атауын беруге заң жүзінде тыйым салу ұсынылды. Мұндай бастаманы Құрылтай депутаты, «Әділет» фракциясының мүшесі Аят Сүгірбай көтерді. Ол осы мәселеге қатысты Әділет министрі Ерлан Сәрсембаевқа депутаттық сауал жолдады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Депутаттың айтуынша, бүгінде елімізде қазақ руларының атымен тіркелген коммерциялық және коммерциялық емес ұйымдар аз емес. «Заңды тұлғалар» мемлекеттік мәліметтер базасындағы ақпаратқа сүйенген ол Қазақстанда ру атауымен аталған 800-ге жуық ұйым бар екенін мәлімдеді. Олардың басым бөлігі 1996-2005 жылдар аралығында тіркелген.

Аят Сүгірбай мұндай атауларды қолдану қоғамда рушылдық түсініктің қайта жаңғыруына ықпал етуі мүмкін деп есептейді.

«Қазақ үшін ру – тарихи тамырын танудың, жеті атасын білудің, ата-баба шежіресін құрметтеудің жолы. Алайда ру – елдік мүддеден, мемлекетшілдік идеясынан жоғары тұратын ұғым емес. Жекелеген кәсіпорындар мен коммерциялық ұйымдарға ру атауларын берудің кеңінен таралуы қоғамда рушылдық түсініктің қайта жаңғыруына әкеп соқтыруы мүмкін. Бұл – жай ғана атау мәселесі емес, керісінше, болашақ ұрпақтың дүниетанымына тікелей қатысты мәселе», – деді депутат.

Оның пікірінше, белгілі бір рудың атауымен жұмыс істейтін кәсіпорынның қызметіне немесе өніміне сын айтылған жағдайда, бұл сын сол рудың өкілдеріне де қатысты қабылдануы мүмкін. Мұндай жағдай руаралық түсініспеушілікке ұласу қаупін тудырады.

«Рушылдық тамыр жайған жерде әділ бәсекелестік әлсірейді, меритократия қағидаттары бұзылады, ортақ мүдденің орнына тар топтық мүдде алға шығады. Мұндайға жол беруге болмайды», – деп атап өтті ол.

Депутат тарихи шежірені құрметтеу мен ру атауларын коммерциялық мақсатта пайдаланудың аражігін ажырату қажет екенін айтты. Оның сөзінше, қолданыстағы заңнамада ру атауларын заңды тұлғалардың атауында қолдануға тікелей тыйым салатын норма жоқ.

Осыған байланысты Аят Сүгірбай «Заңды тұлғаларды мемлекеттік тіркеу және филиалдар мен өкілдіктерді есептік тіркеу туралы» және «Қоғамдық бірлестіктер туралы» заңдарға өзгерістер енгізуді ұсынды.

Депутат Әділет министрлігінен заңды тұлғалардың атауына қойылатын талаптарды қайта қарап, қазақ рулары мен жүздерінің атауымен ұйымдар мен кәсіпорындарды тіркеуге заң жүзінде шектеу қою мәселесін қарастыруды сұрады.