Биыл Қазақстанға шетелден 11,7 млн турист келіп, рекорд жаңартты
Соңғы бірнеше жылда Қазақстанға атағы жер жарған әлем жұлдыздары көп келді: супержұлдыз Дженнифер Лопес, Кэнье Уест, Николь Шерзингер, Тимбаланд, Флориданың концертіне Қазақстанның ғана емес, көршілес елдердің азаматтары да ағылды.
Бұл аз десеңіз, Алматыға келген «Реал Мадридтің» атақты футболистері әуежайдан түсе сала-ақ спорттың да туризмге мол ақша құятынын дәлелдеп берді. Олай болмағанда, әлемдік бренд олардың қолына қолсөмкелерін «ұстатпас» еді.
Ал аты аңызға айналған Джеки Чан Бозжырада жаңа блокбастерін түсіріп жатыр. Айтпақшы, Джеймс Кэмеронның «Аватарынан» кейін бұрын сол елдің туристеріне де аса таныс емес болған Қытайдағы әйгілі Чжанцзяцзе ұлттық паркіне жылына кемі 30 млн турист баратынын ескерсек, көзі тірісінде аңызға айналған Джеки Чанның фильмінен кейін Бозжыраға бет алатын туристердің көбейетіні сөзсіз.
Бір ғана әнімен қазақ даласын әлемдік туристерге танытып жүрген Димаш та сөзсіз Қазақстанға көп турист әкеліп жатыр. Яғни, дәл қазір Қазақстан өнер мен мәдениет арқылы туризмін дамытуға жол ашты. Биыл Қазақстанға шетелден 11,7 млн турист келіп, рекорд жаңартты десек те болады.
Бұның бәрін түгендеп отырғанымыздың бір себебі бар: осындай ірі жобалар арқылы елімізді танып-білуге келген шетелдік туристерге Қазақстанды кім және қалай таныстырып жүр? Тарихи-мәдени нысандарымыз туралы туристердің қойған сауалына гидтер не деп жауап беріп жүр? Жалпы, шетелдік туристер Қазақстанды аралағанда гид жалдай ма? Олардың гонорары неше теңге? Білімі мен біліктілігін кім растайды? Міне, Azattyq Rýhy тілшісі бүгін осы саланың ахуалына көз жүгіртіп көрді.
Елімізде ресми тіркелген 570 туристік гид, экскурсия жетекшісі және туризм нұсқаушысы бар. Шетелден келген әрбір туристтің еліміз туралы қалыптасатын ой-пікірі ең алдымен гидтің өзін өзі ұстауы, таныстыруы және біліктілігінен құрылады. Сондықтан туристерге қызмет көрсететін гидтердің біліктілігі мен этикасы өте маңызды.
Бұл мәселе Құрылтайда да айтылды. «Әділет» партиясының депутаты Марат Себасов ахуалды реттеу керек екенін мәлімдеді.
«Бүгінде гидтің жалпы кәсіби тәжірибесі оның нақты тарихи-мәдени немесе киелі орын бойынша терең білімін толық растай бермейді. Соның салдарынан туристерге бір объект туралы әртүрлі, кейде ғылыми негізі жоқ, ойдан шыққан деректер айтылып, ұлттық тарихымыз бен рухани құндылықтарымыздың беделіне нұқсан келетін жағдайлар орын алады. Әсіресе шетелдік қонақтар гидтің сөзін еліміздің тарихы мен мәдениеті туралы негізгі әрі сенімді дереккөз ретінде қабылдайтынын ескерсек, бұл мәселенің маңызы арта түседі. Ұлттық тарих пен киелі мұра жеке көзқарастың, коммерциялық мүдденің немесе еркін интерпретацияның нысанына айналмауы тиіс», - деді депутат Құрылтайда.
Осылайша, депутат Марат Себасов туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосыновқа бірқатар ұсынысын айтты.
Біріншіден, гидтердің жалпы кәсіби мәртебесімен қатар нақты объект немесе туристік бағыт бойынша құзыреттілігін растау тетігін енгізу. Осы ретте мамандардың біліміне қойылатын талаптарды күшейтіп, оларды даярлау мен аттестаттауды тек уәкілетті министрлік аккредиттеген оқу орындары не гидтерді аттестаттаудың бірыңғай операторы – «Kazakh Tourism» базасында жүзеге асыру тетігін қарастырған жөн.
Екіншіден, туристік объектілер бойынша бірыңғай ақпараттық карталар әзірлеу. Онда ғылыми фактілер, зерттеу нәтижелері, тарихи нұсқалар, рухани дәстүрлер мен халық аңыздары арасындағы шекара нақты ажыратылып, туристерге ұсынылатын ақпараттың ғылыми негізділігі қамтамасыз етілуі тиіс.
Үшіншіден, сакралды туризм гидтеріне арналған арнайы даярлау бағдарламасын енгізу. Бағдарлама Қазақстан тарихын, руханият негіздерін, этнографияны, археологияны, мәдениеттануды, кәсіби этиканы және киелі орындардағы тәртіп қағидаларын қамтуы қажет. Сонымен қатар, гидтер қызметіне қойылатын заң талаптарын бұзғаны үшін жауапкершілікті күшейту, оның ішінде Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 187-бабындағы 15 айыппұл мөлшерін қайта қарау мәселесін қарастыру қажет.
Туризм комитетінің мәліметінше, бүгінде гидтердің қызметі eLicense.kz порталы арқылы сараланады. Алайда елімізде гидтерге міндетті мемлекеттік біліктілік емтиханын тапсыру талабы жоқ. Кәсіби біліктілікті бағалау ерікті сертификаттау арқылы жүргізіледі.
Қазір заңға сәйкес, гидтерге бірнеше талап қойылған. Олар туристерге тарихи, мәдени және туристік нысандар туралы шынайы әрі толық ақпарат беруге, қауіпсіздік талаптарын сақтауға міндетті. Қауіпті жағдай туралы туристті алдын ала хабарландыру да маңызды екенін ескерген жөн.
«Сонымен бірге «Kazakh Tourism» ұлттық компаниясы өңірлік туризм басқармаларымен бірге оқыту семинарлары мен біліктілікті арттыру курстарын өткізеді. Құжаттары талапқа сай мамандарға QR-коды бар цифрлық бейдж беріледі. Оның көмегімен турист гид туралы ақпаратты тексере алады», - деп түсіндірді Туризм комитетінің өкілі.
Қазақстанға турист ретінде келетіндердің арасында қарапайым саяхатшылармен қатар, танымал тұлғалар мен ресми делегация өкілдері де бар. Гид-аудармашы Гүлжан Есенбаева 2018 жылдан бері СҚО, Ақмола облысы мен Астанада шетелдік туристерге қызмет көрсетіп келеді. Оның айтуынша, осы уақыт ішінде Оңтүстік Корея делегациясына, Германия елшілігінің өкілдеріне, Мексикадан келген танымал сәулетшіге, Еуропадан келген туристтер мен Канада азаматтарына және Түркияның танымал өнер өкілдеріне экскурсия жүргізген.
Гидтің сөзінше, шетелдік қонақтар Қазақстанның табиғаты мен көрікті жерлеріне қызығушылық танытады. Алайда елді таныстыру кезінде тек әдемі орындарды көрсетіп қана қоймай, тарихи деректерді дұрыс айта білу де маңызды. Әсіресе, аңыз бен ақиқаттың аражігін ажырата білу қажет-ақ дейді ол.
Мәселен, Бурабайдағы Жұмбақтас туралы әр өңірдің халқы әртүрлі ақпарат айтатыны рас. Гүлжан Есенбаева гидтің мұндай жағдайда ойдан ақпарат қоспауы керегін атап өтті.
«Жұмбақтас туралы әркім әртүрлі ақпарат айтады. Интернетте де, халық ауыз әңгімесінде де әртүрлі мысалмен баяндалады. Өйткені ол аңыз. Ал ақпаратқа келгенде өтірік ақпарат айтуға болмайды», – дейді гид.
Осы тұрғыда Гүлжан Есенбаева депутаттың көтерген мәселесін дұрыс деп санап, белгілі бір өңірде ұзақ уақыт тұрып, сол жердің тарихы мен ерекшелігін жақсы білетін жергілікті гидтердің де артықшылығы барын айтты.
«Бурабайдағы гидтер тәжірибесі мол болмаса да, білімі жағынан сол жердің тұрғыны болғандықтан көбірек мағлұмат біледі. Сондықтан олар жақсы ақпараттарды айтып бере алады. Кәсіби даярлықпен қатар жергілікті білім мен тәжірибені де ескеру маңызды», – дейді маман.
Гүлжан Есенбаева тағы бір түйткілге тоқталды. Гидтердің көбі тұрақты штатта жұмыс істемейді, туроператорлармен уақытша келісімге отырып, маусымдық қызмет көрсетеді. Сондықтан олардың барлығына бірдей жеке кәсіпкер ретінде тіркелу талабын қою жұмыстың ерекшелігін ескере отырып қарастырылуы керек деп есептейді.
Қазақстан гидтер қауымдастығының президенті, Dual kz туристік орталығының жетекшісі Айгүл Қаратаева гидтерді даярлау жүйесінде ортақ талаптар мен сапаны бақылау мәселесі бар екенін айтады. Оның сөзінше, оқу орталығы 2015 жылдан бері жұмыс істейді. Осы уақыт ішінде шамамен 1500-ден астам гид даярлаған.
Орталықта жаңадан бастаушыларға арналған оқу бағдарламасы 14 күнге созылады. Ал туризм саласында тәжірибесі бар мамандарға кәсіби біліктілігін растауға арналған бес күндік бағдарлама да ұсынылады. Қаратаеваның айтуынша, бұл екі курстың мақсаты мен мазмұны бөлек.
«Қазір нарықта небәрі бірнеше күн оқытып, сертификат беретін орталықтар бар. Мәселен, кейбір оқу орындары «гид-экскурсовод» деген ортақ сертификатты 200 сағаттық курстан кейін бере береді. Ал мұндай мерзімде маманға бүкіл Қазақстан бойынша жұмыс істеуге жеткілікті білім беру мүмкін емес. Жаңадан келген адамды бес күнде қалай кәсіби гид етіп даярлауға болады? Мұндай қысқа мерзімді оқытудан кейін сертификат беріледі. Мұның бәрі тек есеп үшін, қағаз жүзінде атқарылған жұмыс сияқты көрінеді», – дейді Айгүл Қаратаева.
Ол гид пен экскурсия жетекшісінің қызметін де ажыратып қарау керегін ескертеді. Гид туристерді сапар бойы сүйемелдеп, олардың келуінен бастап кетуіне дейінгі қызметті ұйымдастырса, экскурсия жетекшісі белгілі бір музейде, тарихи нысанда немесе маршрутта экскурсия жүргізеді. Сондықтан екі мамандықты бір бағдарламаға біріктіргенде оқу мазмұны мен сағаты да соған сай болуы керек.
Қаратаева «Әділет» депутат Марат Себасов айтқандай, гидтерді өңір бойынша мамандандыруды қолдайды. Оның айтуынша, сертификатта маманның қай өңірді меңгергені және қанша сағат оқығаны нақты көрсетілуі қажет.
«Егер ол 120 сағат оқып, тек Астана қаласы бойынша білім алса, сертификатында да солай жазылады. Бұл – Астанада гид болып жұмыс істеуге жеткілікті. Ал кейбір өңірлік туризм басқармалары жаңадан келген гидтерді бүкіл ел бойынша оқытуға бес күндік курс даярлауға тендер жариялайды. Бұл сол курсты оқыған гидтердің біліктілігіне күмән келтіретін жағдай ғой. Сондықтан мұндай шешім қабылдар алдында ойлану керек», – дейді ол.
Мұндай тәсіл гидтің нақты білімі мен жұмыс істейтін аумағын сәйкестендіруге мүмкіндік береді. Мәселен, Астанада ғана білім алған маманның бүкіл Қазақстан бойынша экскурсия жүргізуіне автоматты түрде жол бермеу керек деген ұстаным бар.
Айгүл Қаратаева сонымен қатар гидтердің өзін-өзі жұмыспен қамтыған азамат ретінде тіркелуіне қатысты жеңілдетілген тетік қажет екенін айтады.
Қазақстандағы гидтерді даярлау жүйесін халықаралық тәжірибемен салыстырғанда да бірқатар айырмашылық байқалады.
Дүниежүзілік туристік гидтер қауымдастықтары федерациясының (WFTGA) Қазақстандағы оқыту үйлестірушісі әрі ұлттық тренері Жанар Ғабиттің айтуынша, халықаралық деңгейде гидтерді даярлау бірнеше сатыдан тұрады. Алдымен ұлттық жаттықтырушылар дайындалып, кейін олар гидтерді оқытады. Тәжірибе жинақтаған мамандар халықаралық жаттықтырушы деңгейіне көтеріле алады.
Жанар Ғабит көрші Өзбекстанның тәжірибесін мысалға келтіреді.
«Өзбекстанда гидтерді даярлау курсы тоғыз айға созылады. Осы уақыт ішінде мамандар бүкіл елдің тарихын оқып, ұлттық бағдарлама бойынша аттестациядан өтеді. Осылайша, Ташкенттегі гид Хиуада да жұмыс істей алады», – дейді Жанар Ғабит.
Оның сөзінше, Қырғызстанда гидтерді даярлаудың бірыңғай ұлттық бағдарламасы жоқ, мамандар көбіне оқу-білім орталықтарындағы курстардан өтеді. Ал Қазақстанда гидтерді оқытатын орталықтар көп болғанымен, оқу бағдарламалары мен кәсіби даярлық талаптарын жүйелеу қажет.
Бұл жерде Өзбекстанның тәжірибесін сол күйінде көшіру міндетті емес. Алайда гидтің тек бір қаланың емес, тұтас өңірдің немесе елдің тарихын меңгеруіне мүмкіндік беретін ұзақ мерзімді әрі жүйелі оқу бағдарламасы Қазақстан үшін де маңызды екенін айта кетті.
Сала мамандарының пікірінен байқалғандай, Қазақстанда гидтерді тіркеу, оқыту және сертификаттау бағытында жұмыс жүріп жатыр. Дегенмен оқу бағдарламаларының бірізділігі, сертификаттың нақты қандай білімді растайтыны және мамандардың кәсіби деңгейін бақылау мәселесі әлі де талқылауды қажет етеді.
Туризм комитеті гидтердің қызметін реттейтін қағидаларды «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы және туристік қауымдастықтармен бірлесіп жетілдіріп жатқанын айтты. Тіпті Kazakhstan.travel ұлттық туристік цифрлық платформасы QR-код бейджі арқылы гидті таныстырғанымен, оның тарихи білімінің қаншалықты терең екенін өздігінен дәлелдей алмайды. Сондықтан сарапшылар мәселе тек тіркеу жүйесін жетілдірумен шектелмеуі керегін жеткізді.
«Әділет» депутаты Марат Себасов ұсынған нысан бойынша мамандану, ғылыми деректерге негізделген ақпараттық карталар әзірлеу және сакралды туризм гидтеріне арнайы бағдарлама енгізу осы олқылықтарды азайтуға бағытталып отыр.