Вьетнамда жыл басынан бері 12 мыңнан астам адам денге безгегін жұқтырған, ал Қазақстанда биыл инфекцияның 14 дерегі тіркелді
Дәрігерлер Оңтүстік-Шығыс Азияның бірқатар елінде денге безгегінің өршуіне байланысты қазақстандық туристерге ескерту жасады. Мамандар қауіпті инфекцияның негізгі белгілерін атады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy КТК телеарнасына сілтеме жасап.
Телеарна мәліметінше, қауіпті инфекция қазақстандықтардың Оңтүстік-Шығыс Азиядағы демалысын бұзуы мүмкін. Әсіресе Вьетнамда денге безгегінің таралуына назар аудару қажет.
Қазір бұл елде ауру жұқтырғандар саны күрт көбейген. Танымал туристік Данаг қаласының өзінде жыл басынан бері 12 мыңнан астам адам осы инфекцияны жұқтырған. Мамандардың мәліметінше, бұл – 2025 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда төрт есеге жуық көп.
Қазақстан үшін денге безгегі тән инфекция емес. Дегенмен шетелден әкелінген жағдайлар кездеседі. Мамандардың айтуынша, ауру адамнан адамға тікелей берілмейді. Негізгі қауіп – тропикалық және субтропикалық аймақтарда таралған вирус жұқтырған масалар.
Дәрігерлер туристерге сапар алдында қауіпсіздік шараларын сақтауға кеңес береді. Атап айтқанда, кондиционері мен москит торы бар қонақүйлерді таңдаған жөн. Сонымен қатар жәндіктерге қарсы құралдарды пайдаланып, мүмкіндігінше денені толық жауып тұратын киім киген дұрыс.
ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің бас сарапшысы Жұмабек Нұрғаламовтың айтуынша, Қазақстанда денге безгегін жұқтыру жағдайлары жыл сайын тіркеледі.
«Бүгінгі таңда аурудың шетелден әкелінген 14 жағдайы тіркелді. Науқастардың басым бөлігі Үндістан, Дубай, Индонезия, Вьетнам және Мальдив аралдарынан келген. Ауру жұқтырғандардың 80 пайызында инфекция ешқандай белгісіз өтеді. Негізгі белгілері – бас ауруы, дене қызуының көтерілуі, бөртпе, жүрек айнуы, мұрын мен ауыз қуысынан бөлінділердің бөлінуі», – деп түсіндірді Жұмабек Нұрғаламов.