Өлеңнін қашан, қайда қосылғаны QazCopyright платформасында сақталады
Енді мейрамханалар, бар, караоке мен өзге де қоғамдық орындар QazCopyright бірыңғай цифрлық платформасына қосылады. Бұл жұйе арқылы әннің қай жерде, қашан және қанша рет орындалғаны тіркеліп, авторлық сыйақы есептеледі. Оны нысан басшылары жылына төрт рет төлейді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Биыл жыл басынан бері жұмыс істеп келе жатқан платформада қазірдің өзінде 255 636 шығарма тіркелген. Сондай-ақ 22 639 автордың мәліметі енгізілген. Ал жүйеге қосылған субъектілер саны – 331. Олардың қатарында 76 телеарна, 40 радиостанция, 141 мәдениет ұйымы, 46 автор және 13 ұжымдық басқару ұйымы бар.
Ал енді 2027 жылдың 1 қаңтарынан бастап музыканы пайдаланатын мейрамханалар, бар, караоке орындары және басқа да нысандар қамтылып, арнайы құрылғылар орнатылады. Олар дыбысты танып, әннің атауы мен орындалған уақытын анықтайды. Жұмыс істеу тәсілі Shazam қосымшасына ұқсас. Барлық ақпарат QazCopyright платформасында сақталып, мекемелердің қанша төлейтіні есептеледі.
Негізінен авторға сыйақы төлеу талабы бұрыннан бар. Яғни жаңадан қосылған ереже емес. Тек барлығы цифрлық платформа арқылы бақыланбақ. Себебі бүгінге дейін мұндай ортақ жүйе болмағандықтан біршама қиындық туындаған.
«Әдетте авторлардың мүддесін қорғайтын ұйым өкілдері тексеру жүргізіп, мейрамханалар мен дәмханаларға барып, төлем жасауы керегін ескертетін. Мұның бәрі тек қағаз жүзінде жүргізілді. Сондықтан қанша қаражат жиналғаны, оның авторларға толық жеткен-жетпегені туралы ақпарат болмады. Енді цифрлық платформа арқылы бұл процестің бәрі ашық жүргізіледі», – дейді Ұлттық зияткерлік меншік институтының директоры Сәбит Ахметов.
Оқи отырыңыз:Астаналықтар енді жүргізуші куәлігінің теориясын онлайн тапсыра алады
Оның сөзінше, былтыр Қазақстанда авторлық құқық үшін 1,8 миллиард теңге жиналған. Алайда елдің экономикалық әлеуетін ескерсек, бұл көрсеткіш 10 миллиард теңгеден асуы мүмкін деп есептейді. Ал биыл QazCopyright платформасы арқылы 100 миллион теңгеден астам авторлық сыйақы жиналған. Оның 32 миллион теңгесі құқық иелеріне төленгенімен, қалған 70 миллион теңгеге жуығы әзір берілмеген.
«Қалған қаражат әлі төленген жоқ. Себебі авторлар әлі де тіркелмей, өздерінің мәліметі мен есепшотының реквизиттерін ұсынбады. Сондықтан ақша аударылмады. Біздің басты мақсатымыз – барлық авторды платформаға тіркеп, қажет мәліметтерін толықтыру. Сонда әрқайсысы өзіне тиесілі ақшаны ала алады», – деп толықтырды Сәбит Ахметов.
Ал жиналған сыйақыны бөлу кезінде халықаралық тәжірибе ескеріледі. Оған сәйкес, ақшаның кемінде 50 пайызы шығарма авторына тиесілі. Қалған бөлігі орындаушыға, музыканы шығарушыларға және дыбыс жазу студияларына бөлінеді.
Айта кетейік, оы жылы жүйеге телеарналар, радиостанциялар, театрлар, филармониялар мен кинотеатрлар қосылды. Жүйе кезең-кезеңімен іске асырылуда. Келесі жылы қаңтарда толық аяқталады.
Біздің Instagram және TikTok желісіндегі парақшаларымызға жазылыңыздар.