Өрт жалпы 60 шаршы метр аумақты шарпыған
Ақмола облысы Бурабай ауданының Щучинск қаласында жер үй ауласындағы моншадан өрт шықты. Төтенше жағдайлар департаменті қызметкерлерінің жедел әрекеті нәтижесінде жалын дер кезінде ауыздықталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy ТЖМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Ресми мәліметке сәйкес, өрт кеше, 21 қараша күні тіркелген. Шақырту түскен бойда оқиға орнына ТЖД өрт сөндіру бөлімшелері жедел жетіп, жалынды ауыздықтауға кіріскен.
Өрт жалпы 60 шаршы метр аумақты шарпыған. Өрт сөндірушілердің жедел әрекетінің арқасында моншаның шатыры оттан аман сақталды. Оқиға салдарынан қаза болғандар мен зардап шеккендер жоқ.
Мамандардың алдын ала болжамы бойынша, өрттің шығуына жылыту пешін пайдалану кезінде өрт қауіпсіздігі талаптарының бұзылуы себеп болған.
Осыған байланысты Төтенше жағдайлар министрлігі тұрғындарды жылыту маусымында пешті пайдалану ережелерін қатаң сақтауға шақырды.