Астанада құрылыс нысанының аумағында өрт шықты

Автор: Дәулет Ботагөз

Тілсіз жау 25 шаршы метр аумақты шарпыған

Фото: ТЖМ

Елорданың Сарыарқа ауданында салынып жатқан құрылыс алаңында өрт шықты. Төтенше жағдайлар министрлігі күштерінің жедел әрекеті нәтижесінде жалынның өзге нысандарға таралуына жол берілмеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Ресми мәліметке сәйкес, өрт Ш. Бейсекова көшесінің бойындағы құрылыс аумағында болған. Салынып жатқан нысанның аумағында орналасқан жеке күзет бекеті отқа оранған.

Тілсіз жау 25 шаршы метр аумақты шарпыған. Өрт сөндіру бөлімшелері оқиға орнына жедел жетіп, жалынды толықтай сөндірді. Оқиға салдарынан ешкім зардап шеккен жоқ.

Қазіргі уақытта мамандар өрттің шығу себебін анықтап жатыр.