«Әділет» партиясының кандидаттары iKOMEK 109 ұжымымен кездесті
20 қарашада Астанада «Әділет» партиясының кандидаттары «iKOMEK 109» ұжымымен кездесті. Басқосуда тұрғындардың өтініштері, қалалық инфрақұрылым, балалар спорты және партияның 2026–2031 жылдарға арналған бағдарламасындағы әлеуметтік бастамалар талқыланды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy партияның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Кездесуге № 14 сайлау округі бойынша Астана қаласы мәслихатының депутаттығына кандидат Давид Лория, партиялық тізім бойынша кандидаттар — Астана қаласы әкімінің баспасөз хатшысы Ақмарал Олжабаева және «Profi DM» ЖШС директоры Вероника Масимова қатысты.
Ақмарал Олжабаева орталық қызметкерлерінің қала тұрғындарымен күнделікті байланыста екенін атап өтті. Оның айтуынша, коммуналдық қызметтерге қатысты өтініштерге дер кезінде жауап беру халықтың сенімін нығайтады.
«Сіздер қалада не болып жатқанын, қандай мәселелер барын көпшіліктен жақсы білесіздер. Тұрғындардың өтініштері — үлкен жауапкершілік әрі адамдардың сіздерге сенетінінің белгісі», — деді Ақмарал Олжабаева.
Ол Астананың өсуіне сай жылу және инженерлік инфрақұрылымды дамыту қажеттігін айтып, газбен жұмыс істейтін жылу станцияларының маңызына тоқталды. Сонымен қатар тегін қайта даярланып, жаңа кәсіп игеруге мүмкіндік беретін «JOLTAP» жобасын атап өтті.
Давид Лория балалар спортының қолжетімділігіне тоқталды. Ол округтегі стадионның өз өмірімен және спорттық жолымен байланысты екенін айтып, нысанды жаңғыртудың маңызын атап өтті. Сондай-ақ аула клубтарын дамыту тәжірибесімен бөлісті.
«Балалардың жыл он екі ай жаттығу мүмкіндігі бар. Бұл — қаламыз үшін үлкен жетістік әрі жасөспірімдердің өз арманына жетуіне берілген мүмкіндік», — деді Давид Лория.
Вероника Масимова денсаулық сақтау, білім беру және әлеуметтік қолдау бағыттарын таныстырды. Оның айтуынша, бағдарламада елорда тұрғындарының орташа өмір сүру ұзақтығын 81,8 жасқа жеткізу, Алматы ауданында 250 төсек-орындық перинаталдық орталық пен Сарыарқа ауданында 200 төсек-орындық акушерлік блок салу көзделген. Сондай-ақ Қошқарбаев даңғылындағы балалар емханасын қайта жөндеу және медицина саласындағы жас мамандарға жатақхана салу жоспарланған.
«Жаңа мектептер мен балабақшаларға мамандар қажет. Сондықтан бағдарламада педагогтерді даярлауға білім гранттарын бөлуге де көңіл бөлінген. Біз мұның бәрін, ең алдымен, балаларымыздың болашағы үшін жасаймыз», — деді Вероника Масимова.
Дайындаған: «Әділет» партиясы Астана қалалық филиалының баспасөз қызметі.
Астана қаласы мәслихаты депутаттарының сайлауында партиялық тізімді ұсынған «Әділет» партиясы» ҚБ сайлау қорының
қаражатынан төленді.