Олар ұлттық қолөнердің қыр-сырымен танысып, кілем тоқу өнерін меңгерді
Шымкенттегі Creative Hub алаңында №1 арнайы мектептің есту қабілеті төмен оқушы қыздарына кілем тоқудан шеберлік сабағы өтті. Қатысушылар ұлттық қолөнердің қыр-сырымен танысты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Іс-шараның мақсаты – оқушылардың шығармашылық қабілетін дамыту, ұлттық құндылықтарды дәріптеу және мәдени мұраны кейінгі ұрпаққа насихаттау.
Сабақ барысында кілем тоқу және қолөнер шебері Камила Арманова өз тәжірибесімен бөлісті. Шеберлік сабағына 5-7 сынып оқушыларымен бірге, көркем еңбек пәнінің мұғалімі де қатысты.
Арнайы мектеп пен Креативті хабтың ынтымақтастығына бір жылға жуық уақыт болған. Осы уақыт ішінде оқушылар әр бейсенбі сайын орталыққа келіп, тегін шығармашылық сабақтарына қатысып жүр. Бұған дейін олар жүннен киіз басу және эпоксидті шайырмен жұмыс істеу бойынша шеберлік сабақтарына қатысқан.
«Кілем тоқу – мәдени мұрамыздың маңызды бөлігі. Бүгін қыздардың жұмысқа соншалықты қызығушылықпен кіріскенін көріп, шын жүректен қуандым. Саусақтардың белсенді жұмыс істеуі ұсақ моторика мен ойлау қабілетін дамытады. Сондықтан бұл өнерді келер ұрпаққа жеткізу өте маңызды», – дейді Камила Арманова.
Алғашқы сабақта шебер қыздарға кілем тоқудың бастапқы кезеңін көрсетті. Атап айтқанда, мақта жібінен негіз дайындау және талшықтарды бірнеше қабат етіп иіріп, ұршықпен жіп жасау тәсілдерін үйретті.
Камила Арманова мамандығы бойынша есепші болған. Ол кілем тоқуға бала кезінен анасы мен әжесінің жанында жүріп қызыққан. Зейнетке шыққаннан кейін сүйікті ісіне қайта оралып, Креативті хабта және онлайн форматта сабақ бере бастаған.
Шеберлік сабақтарында алған білімдерін оқушылар өз мектептеріндегі еңбек сабақтарында бекітіп, түрлі пішіндермен тәжірибе жасап, өз бұйымдарын жасауда. Алдағы желтоқсан айында оқушылардың қолынан шыққан туындыларды Креативті хабта өтетін көрме-жәрмеңкеде таныстыру жоспарланып отыр.