Мемлекет басшысы Парламентаралық одақ президентімен кездесті

Автор: Тәжібай Әлия

Олар парламенттік дипломатия, жасанды интеллектінің мүмкіндіктері және Қазақстан-Аустралия ынтымақтастығының келешегі жөнінде пікір алмасты

Фото: Ақорда

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Парламентаралық одақ президенті, Аустралия парламенті өкілдер палатасының спикері Милтон Дикті қабылдады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Кездесу барысында президент Милтон Дикті парламентаралық одақ президенті лауазымына сайлануымен құттықтап, жауапты қызметіне табыс тіледі. Мемлекет басшысы көпжылдық ынтымақтастықты жоғары бағалап, ұйыммен байланысты одан әрі тереңдетуге мүдделі екенін жеткізді. Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздегі саяси жүйені жаңғырту және демократиялық институттарды нығайту бағытында қолға алынған реформаларға тоқталды.

Өз кезегінде Милтон Дик Парламентаралық одақ президенті ретінде сапармен келіп отырған алғашқы ел Қазақстан екенін ерекше атап өтті. Ол еліміздегі саяси және экономикалық өзгерістерге жоғары баға берді.

Кездесу барысында тараптар парламенттік дипломатия, жасанды интеллектінің мүмкіндіктері және Қазақстан-Аустралия ынтымақтастығының келешегі жөнінде пікір алмасты.