«Кітап оқитын ұлт» марафонына қатысқан оқушылар мен ұстаздар бір миллион кітап оқып, көш бастап тұр

Автор: Тәжібай Әлия

Марафонның басталғанына 66 күн болды

Фото: ЖИ

Республикалық «Кітап оқитын ұлт» марафонына қатысқандар 66 күннің ішінде 1,5 миллионнан астам шығарма оқыды. Ал қазір кезек тізімдегі алтыншы кітапқа келді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, марафонның ең белсенді қатысушылары – оқушылар мен педагогтер. Мысалы оқушылардың үлесінде 600 мыңнан астам кітап болса, мұғалімдер 400 мыңнан астам туынды оқыған. Осылайша, екі топтың көрсеткіші бір миллионнан асып, марафон аясында оқылған кітаптардың жалпы санының үштен екісіне жуықтаған.

Ал қызығушылықты сақтау үшін айрықша белгілер жүйесі де енгізілді. Енді бес кітап оқыған әрбір қатысушы «Талапты оқырман» деген қола белгі алады. Мұны растайтын сертификатты жеке кабинеттен жүктеуге болды. Кейінгі марапаттар оқылған кітаптың санына қарай арта түседі. Нақтыласақ, 10 кітапты аяқтағандарға «Жігерлі оқырман» деген күміс, ал он бес туындыны оқығандарға «Зерделі оқырман» деген алтын белгі табысталады.

Қола белгі алғандардың қатарында Қарағанды және Түркістан облыстарынан «Кітап оқитын педагог» бағытының қатысушылары бар. Екеуі де бес кітап оқып, ең жоғары 1750 ұпай жинаған.

«Мұғалімнің өзі кітап оқыса, оны балалар да көреді. Оқушыларым қазір қандай кітап оқып жүргенімді сұрап, өз кітаптарын әкеледі. Қола белгі – күміс белгіге жетуге жақсы ынталандыру», – дейді «Бірінші Теміртау классикалық лицейінің» бастауыш сынып мұғалімі Татьяна Мининкова.

Ал Түркістан облысы Ы. Алтынсарин атындағы мектептің география пәні мұғалімі Сәуле Тұрарқызының айтуынша, марафон кітап оқуды әдетке айналдыруға көмектескен.

«Жұмыста кітап оқуға әрдайым уақыт таба бермейсің. Ал марафон оны әдетке айналдыруға көмектесті. Мен қазақ тілінде де, орыс тілінде де оқимын, ал география сабақтары кітаптардан алынған жаңа мысалдармен күшейе түсті», – деді ол.