Астанада қызметкерін жыныстық қатынасқа мәжбүрлеген полковник 6 млн теңге айыппұл арқалады

Автор: Тәжібай Әлия

Бірақ ол кінәсін мойындамаған

Фото: facebook.com/daniyar.meirkhan

Бұрын ІІМ Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл комитетін басқарған полиция полковнигі Данияр Мейірханның қарамағындағы қызметкерді жыныстық қатынасқа мәжбүрлегені расталды. Алайда ол өз кінәсін мойындамаған. Бұл туралы журналист Михаил Козачков Telegram арнасында хабарлады, деп жазады Azattyq Rýhy.

Журналистің мәліметінше, Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соты Данияр Мейрханға қатысты үкім шығарған. Оған қылмыстық кодекстің 123-бабы бойынша айып тағылды. Сотта анықталғандай, 2025 жылдың сәуір-қараша айы аралығында ол әріптесін жыныстық сипаттағы әрекеттерге мәжбүрлеген. Ал жұмысынан айырылып қалудан қорыққан әйел оның талабына келіскен.

Сотта жәбірленуші мен куәгерлердің дәлелі, нотариалды куәландырылған хаттар мен маманның қорытындысы зерттеліп, осы дәлелдердің негізінде сот оны кінәлі деп таныды. Нәтижесінде бұрынғы полицейге 6 миллион теңгеге жуық айыппұл салынған. Алайда ол тағылған айыпты мойындамаған. Үкім әзірге заңды күшіне енген жоқ.

Айта кетейік, Данияр Мейрхан бұған дейін ІІМ Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл комитетінің басшысы қызметін атқарды.