Енді олар тағы да жауапкершілікке тартылады
Алматыда сот шешімімен көлік жүргізу құқығынан айырылғанына қарамастан, қайтадан рөлге отырған 414 жүргізуші анықталды. Бұл туралы Полиция департаменті мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Полиция дерегінше, бұл – жыл басынан бері анықталған жағдайлар. Олар бұған дейін заң бұзғаны үшін көлік басқару құқығынан айырылған. Атап айтқанда, тізімде мас күйінде немесе есірткі қолданғаннан кейін көлік жүргізген, қарсы бағытқа шыққан азаматтар да бар. Енді олар жауапкершілікке тартылады.
«Мұндай әрекеттер жолдағы адамдардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіреді. Сот тыйым салғанына қарамастан көлік жүргізген адам заңда көзделген жауапкершілікке тартылады»,- деп хабарлады ведомство.
Айта кетейік, бұған дейін Алматыда қауіпті маневр жасаған екі көлік жүргізушісінің жауапқа тартылғанын хабарладық. Әкімшілік полицияның іздестіру бөлімшесі жүргізушілердің жеке басын анықтады. Олар Алматы қаласының 20 және 23 жастағы тұрғындары болып шықты. Тексеру барысында екеуінің де қауіпсіздік белдігін тағу талабын өрескел бұзғаны және жолда қауіпті маневрлер жасағаны расталды. Құқық бұзушыларға қатысты әкімшілік хаттамалар толтырылып, заңға сәйкес жауапкершілікке тартылды.
«Рөлдегі жауапсыздық бір сәтте қайғылы жағдайға ұласуы мүмкін. Жол – жарыс алаңы емес. Жол қозғалысы ережелерін сақтап, өзіңіз бен өзгелердің өміріне қауіп төндірмеңіз», – деп атап өтті полиция өкілдері.