Шымкенттегі Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан зерттеу университетіне «ұлттық» мәртебе берілді

Автор: Бақыт Шынар

Бұл туралы бүгін президент хабарлады

Фото: Шымкент қаласының әкімдігі

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Астана қаласында өткен Стратегиялық серіктестердің III халықаралық форумында Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан зерттеу университетіне «Ұлттық» мәртебе беру туралы шешім қабылдағанын мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Шымкент әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып. 

«Халқымыздың заңғар жазушысы Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетіне «Ұлттық» мәртебе беру туралы шешім қабылдадым», – деді мемлекет басшысы.

Президенттің айтуынша, қазір Қазақстанда үш ірі қала бар, соның ішінде, Астана мен Алматы еліміздің зияткерлік, ғылыми және мәдени орталығына айналған. Себебі бұл қалаларда Қазақстандағы жетекші ұлттық университеттер орналасқан.

«Ендігі кезекте Шымкент қаласын оңтүстік аймақтағы ірі ғылым және білім орталығы ретінде дамытуды көздеп отырмыз. Қазірдің өзінде нақты қадамдар жасалды. Шаһарда Аризона штаты университетінің (Arizona State University) білім беру бағдарламасы жүзеге асырылып жатыр. Сондай-ақ Түркияның Гази университетінің филиалы ашылды. Бүгінгі форумға бұл университеттің ректоры, профессор Угур Унал қатысып отыр. Бүгін сөз сөйледі. Сізге ризашылығымызды білдіреміз», - деді президент.

Шымкент әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлағандай, бұл – университет тарихындағы маңызды белес әрі ұжымға артылған үлкен сенім. Мемлекет басшысының бұл шешімі оқу орнының көпжылдық тарихына, ғылыми әлеуетіне, қалыптасқан білім беру дәстүріне және ел дамуына қосқан үлесіне берілген жоғары баға.

Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университеті Қазақстандағы ең ірі әрі көне жоғары оқу орындарының бірі. Оның тарихы 80 жылдан астам уақытты қамтиды және еліміздің индустриялық, ғылыми және білім беру салаларының дамуымен тығыз байланысты.

Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін еліміздің білім беру жүйесінде үлкен реформа жасалып, ол осы университетке де қатысты болды. Дәлірек айтқанда,

1996 жылы Қазақ химия-технологиялық институты мен Шымкент педагогикалық мәдениет институты біріктіріліп, Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік техникалық университеті болып қайта құрылды.

1997 жылы ұлы жазушы, ғұлама ғалым Мұхтар Омарханұлы Әуезовтің 100 жылдық мерейтойына орай университеттің атауына М. Әуезов есімі берілді.

1998 жылы Оңтүстік Қазақстан гуманитарлық университеті қосылып, оқу орны көпсалалы классикалық университетке айналды — М. Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті деп аталды.

2020 жылы оқу орны коммерциялық емес акционерлік қоғам  мәртебесін алып, атауы «М. Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университеті» болып өзгертілді.

2024 жылы университетке зерттеу университеті мәртебесі берілді, бұл ғылыми-инновациялық жобаларды дамытуға жаңа серпін берді.