Бектенов: «Самұрық-Қазына» қорына жаңа басшы тағайындалады

Автор: Алмас Ерсін

Қор басшылығы ауысқанымен, «Самұрық-Қазына» даму стратегиясы өзгермейді

Фото: sk.kz

Премьер-министр Олжас Бектенов «Самұрық-Қазына» АҚ басшылығына қатысты соңғы оқиғаларға байланысты мәлімдеме жасады. Үкімет басшысы қордың басқарма төрағасы жақын уақытта ауысатынын хабарлап, корпоративтік басқаруды күшейту және сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің алдын алу шараларын қабылдау қажеттігін айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy «Самұрық-Қазына» АҚ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Премьер-министр әрі «Самұрық-Қазына» АҚ директорлар кеңесінің төрағасы Олжас Бектенов қор басшылығына қатысты соңғы оқиғаларға байланысты бірқатар түсініктеме берді.

«Қазіргі уақытта құқық қорғау органдары жекелеген лауазымды тұлғаларға қатысты тергеу шараларын жүргізіп жатыр. Барлық мән-жай жүргізіліп жатқан тергеу аясында анықталады. Жағдай Мемлекет басшысының бақылауында. Құзыретті органдар тергеудің объективті әрі жан-жақты жүргізілуін заңнама талаптарын қатаң сақтай отырып қамтамасыз етуі керек», – деді Премьер-министр.

Оның айтуынша, қазіргі кезеңде сөз нақты бір оқиға туралы болып отыр. Бұл жағдай қордың бүкіл компаниялар тобының қызметіне күмән келтіруге негіз болмауы керек.

Жақын уақытта «Самұрық-Қазына» АҚ басқармасының жаңа төрағасы тағайындалады. Бұл ретте басқарудағы сабақтастық пен қор қызметінің үздіксіздігі қамтамасыз етіледі.

«Компаниялар тобының барлық кәсіпорны штаттық режимде жұмыс істеп жатыр. Қордың даму стратегиясы өзгеріссіз қалады. Инвестициялық және инфрақұрылымдық жобалар бекітілген жоспарларға сәйкес жалғасады. Инвесторлар, кредиторлар, банктер және халықаралық қаржы институттары алдындағы барлық қаржылық, шарттық және борыштық міндеттемелер уақытылы әрі толық көлемде орындалады», – деді Олжас Бектенов.

Сонымен қатар Премьер-министр болған жағдай корпоративтік басқаруды одан әрі жетілдіру және сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің алдын алу бағытында жүйелі шаралар қабылдауды қажет ететінін атап өтті.

«Қордың директорлар кеңесінің төрағасы ретінде қордың және оның еншілес ұйымдарының директорлар кеңестерінің, сондай-ақ олардың жанындағы бейінді комитеттердің, ең алдымен аудит және тәуекелдерді басқару комитеттерінің рөлін күшейту қажет деп санаймын. Ішкі бақылау, комплаенс және ішкі аудит тетіктері қайта қаралып, күшейтіледі. Сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтарының алдын алуға, мүдделер қақтығысын анықтауға, қабылданатын шешімдердің ашықтығын арттыруға және басшылардың жеке жауапкершілігін күшейтуге ерекше назар аударылады. Біздің міндетіміз – нақты заң бұзушылықтарға ден қою ғана емес, ең алдымен олардың қайталануына жол бермейтін тиімді жүйе қалыптастыру», – деді Бектенов.

Қазақстан Үкіметі Қордың стратегиялық бағыты өзгермейтінін, тұрақтылық, ашықтық және жауапты әріптестік қағидаттарына бейілді екенін растады.

«Қазақстан халықаралық инвестициялық және қаржы қауымдастығы үшін сенімді әріптес болып қала береді. Біз инвесторларымыз бен кредиторларымыздың сенімін жоғары бағалаймыз және ұзақ мерзімді, өзара тиімді ынтымақтастықты жалғастыруға ниеттіміз», – деп түйіндеді Премьер-министр.

Еске салайық, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің мәліметінше, 11 қарашада «Самұрық-Қазына» АҚ басқарма төрағасы Нұрлан Жақыпов пен «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының басшысы Елжас Отыншиев сыбайлас жемқорлыққа күдікпен ұсталған.

Осыдан кейін әлеуметтік желілерде Астанадағы «Атлант» тұрғын үй кешенінің маңында жерде жатқан чемодандар, сөмкелер мен шашылған доллар бейнеленген видеолар тарады.

13 қарашада Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Самұрық-Қазына» АҚ және «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы басшыларының ұсталуына байланысты Қауіпсіздік кеңесінің отырысын өткізді.

Мемлекет басшысы Үкімет пен бақылаушы органдарға 24 қарашаға дейін сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтарын азайту және квазимемлекеттік сектор компанияларының жұмысын жақсарту жөнінде нақты ұсыныстар әзірлеуді тапсырды.

Кейін Президент жарлығымен Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы Ермек Сағымбаев қызметінен босатылды. Мемлекет басшысының пікірінше, сыбайлас жемқорлық ісіне қатысы бар адамдарды ұстау кезінде құқық қорғау органдары тарапынан бірқатар олқылыққа жол берілген. Осыған байланысты Ішкі істер министрі Ержан Сәденовке де қызметтік жаза жарияланды.

Қазіргі уақытта «Самұрық-Қазына» қорының басқарма төрағасы Нұрлан Жақұпов пен «Қазақстан темір жолы» компаниясының басшысы Елжас Отышиев тергеу изоляторында отыр. 14 қарашада тергеу соты оларға қатысты қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шарасын санкциялаған.