Мемлекеттік органдардың жауаптарын жариялаған БАҚ енді арнайы белгі қойып отырады

Автор: Махан Миражан

Министрдің айтуынша, ақпарат кеңістігінде мемлекеттік органның ресми ұстанымы мен журналистік материалдың мазмұнын нақты ажырату маңызды

Фото: Құрылтай баспасөзі

Қазақстанда мемлекеттік органдардың ресми жауаптарын жариялаған кезде бұқаралық ақпарат құралдарына арнайы белгі қою талабы енуі мүмкін. Бұл туралы бүгін Құрылтайда Мәдениет және ақпарат министрі Арман Қырықбаев мәлім етті, деп хабарлайды  Azattyq Rýhy.

Министрдің айтуынша, ақпарат кеңістігінде мемлекеттік органның ресми ұстанымы мен журналистік материалдың мазмұнын нақты ажырату маңызды.

«Ақпарат кеңінен таралып жатқан қазіргі жағдайда мемлекеттік органның ресми ұстанымы мен журналистік материалдың мазмұнын нақты ажыратудың маңызы артып барады. Осы мақсатта мемлекеттік органдардың жауаптарын БАҚ-та жариялау кезінде арнайы белгі қою ұсынылады», – деді Арман Қырықбаев.

Аталған ұсыныс заң жобасында қарастырылған. Оның мақсаты – оқырманға мемлекеттік органның ресми жауабы мен журналист әзірлеген материалдың ара-жігін ажыратуға мүмкіндік беру.

Айта кетейік, онлайн-платформалар және масс-медиа мәселелері жөніндегі екі заң жобасын, оның ішінде Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске өзгерістер мен толықтырулар енгізуді көздейтін түзетулерді Құрылтай бірінші оқылымда мақұлдады.